Аурухана дәлізіндегі үнсіздік кейде адам жанын тербейтін терең ойларға жетелейді. Ақ халаттың салмағын сезінген жан ғана бұл мамандықтың шын мәніндегі жауапкершілігін түсінеді. Осындай тағдырлы жолды таңдаған жандардың бірі – 35 жылын мейіргерлік қызметке арнаған қарапайым да қайсар жан Серіккүл Жұматаева.
Кейіпкеріміздің өмір жолы жиырмасыншы ғасырдан бастау алады. 1989 жылы Қызылорда қаласындағы №7 орта мектепті тәмамдап, сол жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түседі. Екі жылдан соң оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөлімшесіне мейіргер болып орналасады. Бұл жер – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін, әр сәті күреске толы жаңа орта еді.
– Кішкентай кезімнен-ақ балаларға көмектескім келетін. Емдік ине салып, тез жазылып кетсе екен деп тілейтінмін, – дейді кейіпкеріміз.
Оның бала күнгі арманы уақыт өте келе шындыққа айналды. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін қызметте ол 27 жыл бойы үздіксіз еңбек етеді. 2017 жылы балалар ішек аурулары бөлімшесіне ауысып, өз тәжірибесін жаңа ортада жалғастырады. Қай бөлімде жұмыс істесе де, басты ұстанымы – науқасқа жанашырлық таныту мен кәсіби жауапкершілікті сақтау болды.
– Бұл жұмыс оңай емес. Жауапкершілігі өте жоғары. Бірақ адам өміріне араша түсу – бәрінен қымбат, – дейді ол.
Ширек ғасырдан асқан еңбек жолында ол талай қиын сәттерді бастан өткерді. Дегенмен әрбір сырқатынан сауыққан бала, әрбір алғыс айтқан ата-ана оның еңбегіне берілген ең үлкен марапат іспетті. Соған қарамастан, кәсіби еңбегі ресми түрде де елеусіз қалмады. Ол көптеген марапатқа ие болып, 2024 жылы «Мейіргер ісіне үлес қосқан үшін» медалімен наградталды.

– Бір жерде 35 жыл қызмет ету – мен үшін мақтаныш. Бұл мамандық менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды, – дейді Серіккүл Сағынбайқызы.
Оның өмірі тек жұмыспен шектелмейді. Ол – аяулы жар, төрт баланың анасы. Отбасындағы тәрбиесі мен өмірлік ұстанымы балаларына да үлгі болды. Әсіресе ортаншы қызы анасының жолын қуып, мейіргер болуды таңдағаны – еңбектің жалғасы, тағдырдың сабақтастығы секілді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, денсаулық – әр адамның өз қолында. Ол бұл ойды өмірлік қағидасына айналдырған.
– Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде, – дейді Серікгүл.
Оның пікірінше, адам денсаулығын сақтау үшін қарапайым, бірақ маңызды қағидаларды ұстану қажет. Яғни таза су ішу, таза ауада жүру, спортпен шұғылдану. Бұл – ұзақ әрі сапалы өмірдің кепілі.
Ақ халатты абзал жанның өмір жолы – адал еңбек пен шынайы жанашырлықтың көрінісі. Оның әр күні бір тағдырға үміт сыйлау, ал әр сәтіадам өміріне араша түсумен өтеді. Осындай жандар барда, қоғамда мейірім мен сенімнің оты ешқашан сөнбесі анық.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!