Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аумағында денсаулық сақтау саласының ардагері, білікті дәрігер Базарбай Асанбайұлы Атабаевтың бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шарада өңірдің денсаулық сақтау саласының өкілдері, ардагерлер, әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, дәрігердің жарқын бейнесі мен ел игілігі жолындағы еңбегін еске алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әбілпатта Алмас Әбдіғаппарұлы, республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы және медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлы қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.
Базарбай Атабаев Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған. Ол жоғары білікті дәрігер ретінде халық денсаулығын қорғауға сүбелі үлес қосып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.
Медицина саласының ардагері Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі, Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанып, М.Шоқай қорының төрағасы қызметін де абыроймен атқарды.
Бюсттің ашылуы – ардақты дәрігердің есімін мәңгілікке ұлықтап, кейінгі буынға өнегелі өмір жолын насихаттауға бағытталған тағылымды шара болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!