Коллаж: «АЖ-ақпарат»

Көңіліне көкжиек іздеген жастар көбіне алысты аңсайды. Бірі тарихи рухы терең Түркістан қаласына барып, қасиетті орындарды аралауды қалайды. Енді бірі асқақ шыңдары мен табиғаты тамсандырған Алматы тауларына асығады. Ал кейбірі елордаға жол тартып, Астана қаласының айшықты келбетіне, Бәйтерек секілді символдық нысандарына қызығады. Тіпті сол маңдағы Бурабайдың табиғатына жетуді армандайды.

Алайда бір сәт аялдап, ойлансақ, өзіміздің туған өлкемізде, Сыр бойында, дәл сол қызығушылық пен әсер сыйлайтын қаншама орын бар екенін байқаймыз.

Қызылорда – тарих пен мәдениеттің, рух пен жаңашылдықтың тоғысқан мекені. Мұнда жастар үшін тек серуендейтін емес, ой түйетін, шабыт алатын, өзін танитын мәдени орын жеткілікті. Ендеше, «Қызылорда жастары қайда барып қыдыра алады?» деген сұраққа бірге жауап іздеп көрейік.

Қызылорда қаласының жүрегінде орналасқан мәдени орындар жастар үшін нағыз рухани азық. Көп жағдайда жастар музейді тек мектеп бағдарламасымен байланыстырып, оған деген қызығушылығын жоғалтып алған. Бірақ бүгінгі музейлер бұрынғыдай тек экспонаттар тізбегі емес, олар уақыттың үнін жеткізетін, сөйлететін тірі тарихты кеңістікке айналған.

Мәселен, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір іспетті. Мұнда Сыр бойының көне дәуірден бас тап бүгінге дейінгі шежіресі сақталған. Архео логиялық табыстар, этно графиялық бұйымдар, тарихи құжаттар жас буынға өз тамырын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Әсіресе интерактивті форматтағы заманауи көрмелер жастардың қызығушылығын арттыра түседі. Кіру құны өте қол жетімді, студенттер мен балаларға жеңілдік қарастырылған.

Шығармашылыққа жақын жастар үшін ерекше орын дарды атап өтсек: Перовск Казанско-Богородный шіркеуі, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы, Айтбай мешіті және Б. Шүкенов атындағы саябақ жастар үшін рухани серігуге таптырмас локациялар.

Ал қала сыртына назар аударсақ, облыстың ең ерекше әрі әлемге әйгілі нысандарының бірі – Байқоңыр ғарыш айлағы бар. Бұл жай ғана туристік орын емес, адамзаттың ғарышқа алғаш қадам басқан тарихи мекені.

Жастар үшін Байқоңырға бару жай ғана саяхат емес, бұл ғылымға, технологияға деген қызығушылықты оятатын мүмкіндік. Мұнда зымыран ұшқанын көруге, ғарыш тарихымен танысып, нағыз ғылыми ортаның тынысын сезінуге болады.

Одан бөлек, Сыр бойының рухани тірегі саналатын Қорқыт ата мемориалдық кешені жастар үшін ерекше мәнге ие орындардың бірі. Бұл кешен тек архитектуралық туынды ғана емес, ол философиялық ойдың, мәңгілік ізденістің символы.

Қорқыт ата туралы аңыздар мен күйлер қазақ халқының дүниетанымын, өмір мен өлімге деген көзқарасын терең бейнелейді. Кешен аумағында тұрған қобыз сарыны желмен бірге үндесіп, ерекше атмосфера қалыптастырады. Мұнда келген адам уақыттың тоқтағандай күйін сезінеді.

Сондай-ақ өңірдегі тағы бір ерекше орын ол – Барсакелмес қорығы. Бұл жердің атауының өзі жұмбаққа толы. Бір кездері арал болған аймақ бүгінде ерекше табиғи қорық ретінде сақталған.

Барсакелмеске сапар шегу оңай емес, бірақ дәл сол қиындық оның құндылығын арттыра түседі. Мұнда сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер сақталған. Табиғаттың өзгермеген күйін көру, оның тынысын сезіну қаланың қарбаласынан шаршаған жастар үшін таптырмас демалыс.

Одан бөлек, жастарға арналған аймақта жаңа форматтағы демалыс орындары көбейіп келеді. Коворкинг орталықтар, ашық алаңдар, мәдени іс-шаралар өтетін орындар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Тілші түйіні: Жастар үшін қыдыру тек көңіл көтеру ғана емес, ол өзін дамыту, жаңа дүниені тану, өмірге басқа қырынан қарау мүмкіндігі. Ал мұндай мүмкіндік өз туған жерімізде де жеткілікті екенін ұмытпау керек.

Сыр елінің әрбір бұрышы бір сыр шертеді. Сол сырды тыңдай алатын, жүрекпен сезіне алатын жастар ғана өз өлкесінің шынайы байлығын түсінеді. Сондықтан алысты аңсаған сайын, бір сәт туған жерге де көз тастау артық етпейді. Өйткені кейде ең әсерлі сапар дәл үйіңнің маңында басталады.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!