Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжде сотталған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдымен курсанттардың кездесуін ұйымдастырмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ведомство басшысының орынбасары Дархан Ахмедиев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Вице-министрдің айтуынша, әскери оқу орнында мекеменің 40 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өткен және оны колледж түлектері өздері ұйымдастырған. Сапардың ресми сипаты болмағанын алға тартқан ол, Қайрат Сатыбалдының бұл жиынға тек осы оқу орнының бұрынғы түлегі ретінде қатысқанын жеткізді.
«Министрліктің бұған ешқандай қатысы болған жоқ. Олар басқа да мекемелер сияқты өздерінің 20 жылдық, 40 жылдық мерейтойларын өткізеді. Ол (Қайрат Сатыбалды) ол жерге осы оқу орнының түлегі ретінде келді», – деді Дархан Ахмедиев.
Сонымен қатар қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары Қайрат Сатыбалдының курсанттарға ешқандай дәріс оқымағанын баса айтты. Дегенмен, бұл оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігі әскери колледж басшылығына қатысты шұғыл шара қолданған. Дархан Ахмедиев журналистердің сұрағына жауап бере отырып: «Жазалады. Қателеспесем, жұмыстан шығарып жіберді», – деп оқу орны жетекшілерінің қызметтен қуылғанын растады.
Еске сала кетейік, кәсіпкер Қайрат Сатыбалды кінәні мойындау туралы процестік келісім аясында Қазақстан мемлекетіне заңсыз иемденілген активтерді қайтарған болатын. Көп ұзамай, 2024 жылдың тамыз айында оның жазасы жеңілдетіліп, сот үкімімен нақты түрме мерзімі бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
