Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды күндердің бірі. Тарихта алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына халықтың белсенділігі айрықша байқалуда. Ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымдарын білдіруде.
Сайлау учаскелеріне келіп, белсенділік танытқандар қатарында Қазалы ауданының спортшылары да бар. Аудан спортшыларының айтуынша, елдің ертеңі әр азаматтың таңдауынан басталады.
«Сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасау мен үшін азаматтық міндет. Спортта жеңіске жету үшін қалай мақсат қойып, аянбай еңбек етсек, елдің болашағы үшін де әр азамат өз жауапкершілігін сезінуі керек. Бүгінгі таңдауымыз ертеңгі күнге деген сеніміміздің көрінісі. Елімізде тұрақтылық пен бірлік нығайып, жастарға спортпен айналысуға, білім алып, өз қабілетін дамытуға мол мүмкіндік жасала берсе екен», – дейді спортшы.
Ал тағы бір спортшы елдегі оң өзгерістердің жалғасуына әр азаматтың өзіндік үлесі бар екенін атап өтті.
«Спортшы ретінде туған жерімнің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. Ал азамат ретінде ел өміріндегі маңызды саяси үдеріске қатысу үлкен жауапкершілік. Бүгін біз өз таңдауымызды жасап қана қоймай, жастарға ел болашағына бейжай қарамаудың үлгісін көрсетіп отырмыз. Мемлекетіміздің мерейі үстем, келешегіміз кемел болсын», – дейді ол.
Сайлауға белсенді қатысқан спортшылар осылайша елдік мәселеге бейжай қарамайтынын танытты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!