Қызылорда облысы Арал ауданы №262 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мұхан Төлебаев облыстық жас педагогтер форумында ҰБТ-ға дайындықтың бірегей техникасы – футбол және жекпе-жек арқылы математиканы қалай оқыту керектігі туралы айтып берді:
– Жаңа әдістемені қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырды. Шеберлік сабақта мен математиканы, жекпе-жек пен футболды қалай біріктіру керектігін нақты көрсетіп, барлық қажетті ресурстарды ұсындым.
Форум алаңында білім берудің өзекті тақырыптары бойынша оқыту тренингтері ұйымдастырылды, қатысушылар Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлерімен бірге функционалдық сауатсыздықтың алдын алуды талдады, үздік сабақтарды құрастырды, insight зертханасында эксперимент жасады: жанама тәжірибеден өз іс-әрекетіне дейін. Жас мұғалімдер қызметке енді ғана кіріскен әріптестеріне тиімді оқытудың өзіндік лайфхактарымен бөлісті, белсенді оқытуға арналған қосымшалар мен ойындар ұсынды, өздерінің сәтсіз кейстері туралы айтып берді, педагогикалық баттлда сабақты зерттеу туралы пікірталас жүргізді.
Белгілі қазақстандықтар – журналист Майра Төлепберген, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес-старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Тубекбаев табысқа жету формулаларымен бөлісіп, жас ұстаздарға мотивация берді.
– Форумның мақсаты — кәсіби құзыреттілікті арттыру. Жас мұғалімдерге оқушылармен жағымды қарым-қатынас орнату және балаларды сабаққа тарту үшін жаңа әдістерді қолдану туралы сұрақтарға жауап табуға көмектесу. Бүгін мұғалімдер өздерінің әдістемелік қоржынын жаңа технологиялармен толықтыратынына, болашақта батыл мақсаттар қоятынына сенімдімін, – дейді Қызылордадағы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры София Камалова. 
Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет пен Қызылордадағы NIS директоры Жаңбыржан Бекболатов форум қатысушыларымен заманауи мұғалімнің қандай дағдыларға ие болуы керектігі жайында өз көзқарастарымен бөлісті.
Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің шығармашылық шеберлік сабақтарында жас педагогтер өз армандарын қылқаламмен бейнеледі, Құндылықтар кітабын жинады, керамика және киіз басу шеберханасында, би алаңында шабыт алды.
Кері байланыс барысында жас ұстаздар форумның басты сабағы – кәсіби құзіреттіліктер қорын толықтыру деп атады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!