Smartnews.kz. Алматыда әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісі ресми түрде басталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Түсірілімнің ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің киноиндустрия өкілдері қатысты.
Аида Балаева Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытудағы еңбегін жоғары бағалап, алдағы шығармашылық жұмысына табыс тіледі.
«Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік пен жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін», – деді министр.
Ресми кездесу барысында Джеки Чан Алматыдағы дарынды жас суретшілермен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектерімен жүздесті. Әйгілі актер жастарға шығармашылықтан қол үзбеуге, өз ісін сүйіп атқаруға кеңес берді. Кездесу соңында балалар оған өз қолдарымен салған портреттерін сыйға тартты.
Іс-шара соңында қатысушылар дәстүрлі кинотүсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсіп, фильм өндірісінің ресми басталғанын жариялады.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation кинокомпаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Фильмді қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтік Billion Target компаниялары бірлесіп өндіреді.
Түсірілім жұмыстары 2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қазақстанда өтеді. Фильмнің қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Картина халықаралық прокатқа шығарылады. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.
Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік маңызға ие. Фильмнің елімізде түсірілуі кинотуризмнің дамуына серпін беріп, мәдени және туристік әлеуетті танытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстанды әлемдік киножобаларға қолайлы түсірілім алаңы ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
