KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің негізгі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарын аралады.«Алматы-1» вокзалына барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары былтыр наурыз айында басталған реконструкциялау жұмысының барысын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғаны туралы мәлімет берілді, бірақ ұйғарым алу 2026 жылдың 11 тамызына қалған.

— Үкімет басшысының Алматы-1 вокзалындағы жаңғыртудың барысын көру тапсырмасымен келгенде, «Қазақстан Темір жолының» жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек.
Еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзалды жаңғырту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қолға алынған осы маңызды жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру керек. «Қазақстан Темір жолы» басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысын, қарқынын күнделікті қадағалауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Бірінші вице-премьер мердігер компанияға жоба-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдетуді, жабдықтарды дер кезінде жеткізуді, қала әкімдігіне барлық жұмысты бақылауды тапсырды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автожолына қатысты мәселелерге де назар аударды. Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов трассаға 6 жерден радиалды жолдарды әкеліп қосудың құрылыс-монтаждау жұмыстары барысын баяндады. Бұл орайда қажетті жер телімдерін сатып алу және босатуға қатысты мәселелер бар. Мысалы, Сабатаев көшесіне дейінгі аумақта 410 жер телімінің тек 118-і ғана сатып алынған. Ал Ақын Сара көшесінің бойындағы 66 жер телімі түгел мемлекет меншігіне алынғанымен, жылыту маусымы кезінде жоғары кернеулі электр желісін сөндіру мүмкін болмағандықтан, 110 кВ тірек-бағандарды демонтаждау кейінге қалдырылған. Бұл учаскеде жұмыстар биылғы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Өзге радиалды жолдар бойынша да жұмыс жалғасуда.

Мәселен, Алматы қаласы мен облысы арасындағы учаскелерде жұмысты бәсеңдетпеу үшін облысқа қарасты аумақта жер телімдерін сатып алу, жолдың жобалау құжаттарын әзірлеу және құрылыс жұмыстарын жүргізуге қала бюджетінен қаржы бөлінгені айтылды. Осы орайда шаһардағы жол-көлік жүйесін дамытуға қатысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар екенін ескеріп, Алматының үлкен айналма күре жолындағы құрылыс жұмыстарын жеделдету туралы тапсырма берілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
