Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері көлігіне қажет кезде нөмірді жасыратын құрылғы орнатып алған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық Полиция департаментің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары жолдағы кезекшілі барысында жалған нөмірмен жүрген екі жүргізушіні ұстады. Олар Қабанбай батыр даңғылының бойында әуежай жағынан айналма жолмен келе жатқан «Тойота Марк 2» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің көлікте қажет болған жағдайда мемлекеттік нөмірді жасыра алатын құрылғыны пайдаланғаны анықталды.

Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін сәйкестендіруге кедергі келтіретін арнайы құрылғыларды пайдаланып, көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

«Сот шешімімен жүргізушілерге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Тәртіп бұзушылардың автокөліктері коммуналдық автотұраққа қойылды»,-делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тәртіп сақшылары жедел алдын алу іс-шарасы барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 8 фактісін анықтаған. Сондай-ақ заңсыз тасымалдаумен айналысқан Өзбекстан және Тәжікстан Республикасының азаматтарын ұстады. Жүргізушілер жолаушыларды «Yandex» мобильді қосымшасы арқылы тиісті тіркеу құжаттарынсыз тасымалдаған. Шетелдіктерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды.

Айта кетейік, елордада 19 шілдеден бастап жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның барысында мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды, оның ішінде 9 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін, 2 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды.

Жаяу жүргіншілер өткелінен адамдарды өткізбегені үшін 21 жүргізуші, апатты жағдай тудырғаны үшін 9 жүргізуші және 32 жүргізуші бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткені үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар «Қорғау» мобильді қосымшасының көмегімен 146-ға жуық жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешектері бар екені туралы хабарланды. Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық тұрағына 33 автокөлік орналастырылды.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!