Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқыланатынын атап өтті. – Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматтарымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды. – Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті да тұтастығын сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы. Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі.

– Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады. – Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді-мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды. – Еркін экономикалық аймақтардың көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп мен бірнеше рет айттым. Жарты триллион теңгеге жуық ауқымды салықтық ынталандыру топтамасына қарамастан жағдай осындай болып тұр. Нәтижесінде не таптық? Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспайды. Ал экспорттың үлесі жалпыелдік өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет деп санайды. – Тағы да қайталап айтамын: ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы – соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!