Қызылорда облысы Арал ауданындағы Қамыстыбас көлінде екпінді желдің салдарынан су деңгейі көтеріліп, жағасындағы демалыс аймағында орналасқан ғимараттарға елеулі зиянын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін, 29 наурызда сағат 17.35-те облыстық төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайында басқару басқармасына Қамыстыбас көліндегі су деңгейінің көтерілгені жөнінде ақпарат келіп түсті. «Екпінді желдің салдарынан Арал ауданы Қамыстыбас көл жағасына жиналған мұз ығысып, көшуі байқалған. Нәтижесінде сол аумақтағы Аққұмшық жазғы демалыс аймағының жағалау аумағындағы жазғы алаңдар мен уақытша құрылыстар ішінара бұзылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупі туындамаған», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.