Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау науқаны аясында Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті (SeoulTech) информатика және инжиниринг кафедрасының профессоры, Қазақстандағы LUPIC жобалық орталығының директоры, SeoulTech Жаһандық кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі орталығының директоры Ким Джесу Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында профессор университеттің қабылдау комиссиясында болып, талапкерлермен кездесіп, Жасанды интеллект институтында жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары, халықаралық білім алу мүмкіндіктері және қос диплом бағдарламасының артықшылықтары туралы кеңес берді. Сонымен қатар талапкерлердің сұрақтарына жауап беріп, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы білім беру бағыттары жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен SeoulTech LUPIC бағдарламасы аясында ақпараттық технологиялар саласында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Бағдарлама жасанды интеллект, машиналық оқыту, виртуалды және кеңейтілген шындық (VR/AR) технологияларын дамытуға, сондай-ақ IT саласындағы инновациялық жобалар мен стартаптарды қолдауға бағытталған.Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында ашылған SeoulTech филиалы үшінші жыл қатарынан талапкерлерді қабылдауда. Филиалда жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар бағытындағы халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, студенттерге әлемдік тәжірибеге негізделген білім алып, қос диплом иегері атану мүмкіндігі ұсынылады.
Айта кетейік, мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау 13–20 шілде аралығында күн сайын 09:00–18:30 аралығында үзіліссіз жүргізіледі. Қабылдау комиссиясы университеттің №5 оқу ғимаратында талапкерлерге қызмет көрсетуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!