Тергеуші – қылмыстық құқық бұзушылықты ашу мен тергеу барысында маңызды рөл атқаратын құқық қорғау саласының маманы. Ол заң талаптарын сақтай отырып, дәлел жинап, оқиғаның мән-жайын анықтап, әділ шешім қабылдануына ықпал етеді. Тергеушінің кәсібилігі, жауапкершілігі мен ұқыптылығы заң пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие. Мереке қарсаңында Қызылорда облыстық Полиция департаментің Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны Сауле Көштаевамен саланың қыр-сыры жайлы сұхбат құрған едік.
– Сәуле Жеңісбекқызы, полиция саласын, соның ішінде тергеу бағытын таңдау арқылы қоғамға қандай үлес қосқыңыз келді? Тергеуші болу бала күнгі арманыңыз ба, әлде бұл салаға кездейсоқ келдіңіз бе? Отбасыңыз таңдауыңызды қалай қабылдады?
– Қоғамдағы заң мен тәртіптің сақталуына, әділдіктің орнығуына өз үлесімді қоссам деген ниетпен полиция саласына келдім. Тергеуші мамандығына деген қызығушылығым бала күннен қалыптасты. Кішкентай кезімнен адамдарға көмектесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ат салысқым келді. Осы орайда отбасым таңдауыма қарсы келмеді. Керісінше қолдау көрсетіп, әрдайым сенім білдіріп келеді.
– Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Ең бірінші қозғаған тергеу ісі қандай әсер қалдырды? Жас маман ретінде қызметте қиын көрінген сәттер болды ма?
– Бірінші жұмыс күнім әлі күнге дейін есімде. Қызметке үлкен жауапкершілікпен әрі толқумен кірістім. Алғашқы тергеген ісім маған әрбір детальдің маңызды екенін түсіндірді. Жас маман ретінде ең қиын болғаны – тәжірибенің аздығы мен жоғары жауапкершілік еді.
– Тергеушінің бір жұмыс күні қалай өтеді?
– Әдетте жұмыс күні нақты кестеге бағына бермейді. Көбіне құжатпен жұмыс істейміз. Одан бөлек, әртүрлі тергеу әрекеті секілді міндеттемелер атқарылады.
– Тергеу жұмыстарында эмоцияны басқару қаншалықты маңызды? Қиын істерден кейін өзіңізді қалай қалпына келтіресіз?
– Бұл салада салқынқандылық дұрыс ойлануға мүмкіндік береді. Себебі кейбір жағдайлар психологиялық тұрғыдан ауыр болуы мүмкін. Мұндай сәтте кәсіби ұстанымды сақтап, жақындармен уақыт өткізу, спортпен айналысу арқылы күш жігерімді қалпына келтіремін.
– Бұл саланың сізге берген ең үлкен сабағы қандай? Мамандықты қате таңдадым деп өкінген сәтіңіз болды ма?
– Бұл мамандық маған сабырлы болуды, жауапкершілікті және адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды үйретті. Өз мамандығымды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қиындықтары болғанымен, тергеушінің жұмысы қашанда қоғам үшін маңызды екенін түсінемін.
– Тергеуші ретінде адамдардың тағдырына әсер ететініңізді сезінетін кез бола ма?
– Иә, барлық тергеуші жұмыс барысында мұндай сәттермен жиі жолығады. Әділ шешім қабылдауға ықпал етіп, жәбірленушілердің құқығын қорғауға көмектескен кезде әр тергеуші өз еңбегінің нәтижесін сезінеді деп ойлаймын.
– Қызметтік формаға қызығатын жас буын үшін қандай кеңес айтар едіңіз?
– Осы саланы таңдаған жастарға ең алдымен білімге, тәртіпке және өзін-өзі дамытуға көп көңіл бөлуге кеңес беремін. Полиция қызметі тек форма кию емес. Ол – үлкен жауапкершілікпен халыққа адал қызмет етуді талап ететін мамандық.
Сұхбаттасқан Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!