Адамзат тарихында сөзден өткір қару, қаламнан күшті құрал болған емес. Бір ауыз сөз елді бірлікке шақырып, ұйқыдағы рухты оятқан, ал кейде сол сөз тұтас бір дәуірдің бағытын өзгерткен. Журналистика деген, міне, осы сөздің құдіретіне негізделген сала. Ол қоғамның көзі болып көреді, құлағы болып естиді, тілі болып сөйлейді. Әлемде «журналистиканы төртінші билік» деп бекер атамаған, өйткені ол үкімет, парламент, сот сияқты қоғамды бағыттайтын күшке айналған. Мен дәл осы кәсіптің құдіретіне ғашық болып, оны өмірлік жолым етуді армандап жүрмін.
Журналистиканың қоғамдағы рөлі орасан зор. Ол тек жаңалық жеткізіп қоймайды, ол әділетсіздікке қарсы дауыс көтереді, шындықты ашады, халықтың мұңын айтады. Бір кездері әлемде құл саудасын, балалар еңбегін, түрлі қиянатты тоқтатуға дәл журналистердің батыл мақалалары түрткі болған. Журналист жазған бір материал заң өзгертіп, мыңдаған адамның тағдырын жақсартқан жағдай тарихта аз емес. Себебі журналистика қоғамның айнасы іспетті, ол елдің жақсысын да, жаманын да бүкпей көрсетеді. Сол арқылы қоғам өзінің кемшілігін танып, түзелуге, алға басуға мүмкіндік алады.
Қазақ журналистикасының тарихы да мақтанарлық, терең тамырлы. Бұл өңірдегі тұңғыш қазақ тіліндегі басылым «Түркістан уәлаяты» газеті ХІХ ғасырда, 1870 жылы жарық көрген. Кейіннен «Дала уәлаяты» газеті, «Айқап» журналы шығып, ұлттық баспасөздің іргетасы қаланды. Ал қазақ журналистикасының алтын діңгегі, әрине, 1913 жылы дүниеге келген «Қазақ» газеті болды. Оны Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш зиялылары шығарып, бүкіл ұлттың үніне, азаттық идеясының жаршысына айналдырды. Сол бір буын журналистиканы тек кәсіп емес, халықты оятудың, ел тағдырын өзгертудің құралы деп білді. Бүгінгі біз сол ұлы дәстүрдің мұрагеріміз, ал мұндай асыл мұраның жалғасы болу деген үлкен мәртебе.
Менің бұл салаға келуім сырттай қарағанда тосын көрінуі мүмкін. Себебі мен әуелде мүлде басқа сала, медицина бойынша білім алып, колледжді тәмамдадым. Бірақ өмір бойы жүрегімді тербеп тұрған бір аңсар, сөзге деген, қаламға деген сүйіспеншілік мені ақыры журналистикаға жетеледі. Кейде адам өз шынайы жолын бірден таппайды. Оған да уақыт кетеді екен. Мен де солай, түрлі тәжірибеден өтіп, ақыры өз жүрегімнің қалауына құлақ астым. Енді осы жолда бар күш-жігерімді сарп етуге бел будым.
Бүгінгі журналистика бұрынғыдан мүлде өзгеше, әрі қызықты дәуірде дамып келеді. Цифрлы технология, әлеуметтік желі, түрлі онлайн платформа журналистің алдына кең мүмкіндік ашты. Енді бір жаңалық бір сәтте бүкіл әлемге тарайды, бір видео миллиондаған адамға жетеді. Журналист бүгінде тек жазумен шектелмей, сурет түсіруді, видео монтаждауды, әлеуметтік желіні меңгеруді де үйренуі керек. Бұл қиындық емес, керісінше шығармашылық қанат жаятын кең дала. Жас маман үшін мұндай заман нағыз мүмкіндіктер кезеңі, тек ізденуден жалықпаса, талпынса болғаны.
Әрине журналистиканың жолы оңай емес, ол еңбекқорлықты, төзімді, адалдықты талап етеді. Бірақ дәл осы қиындықтың өзінде ерекше бір ләззат, ерекше бір мән жатыр. Өз сөзіңмен біреуге пайда тигізу, әділетсіздікке қарсы тұру, халықтың үнін жеткізу деген сезімнен асқан бақыт бар ма?! Журналист әр күні жаңа адаммен танысады, жаңа оқиғаға куә болады, жаңа дүние ашады. Оның өмірі бір орында тұрмайды, ол үнемі ізденісте, үнемі қозғалыста. Міне, мені осы кәсіпке тартқан да оның дәл осындай тірі, қозғалмалы, мағыналы болмысы.
Отандық журналистиканың болашағына зор сеніммен, үлкен үмітпен қараймын. Бұл салаға Ахмет Байтұрсынов салған сара жол, асыл дәстүр бар, ал оны жалғастыру бүгінгі жас буынның еншісінде. Мен де сол жас буынның қатарында, қолыма қалам алып, осы абыройлы кәсіпке қызмет етуді мақтан тұтамын. Сөздің құдіретіне сеніп, шындыққа адал болып, халыққа пайдамды тигізсем, одан асқан бақыт жоқ. Қаламым қашанда әділеттің жағында, халықтың үнінде болсын деп тілеймін. Ал отандық журналистика осындай шынайы ниетпен келген әрбір жастың арқасында биік белестерден көрінетініне кәміл сенемін.
Ақназар ҚАЛИЕВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
