Қазақстанда қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі жаңартылды. 1 шілдеден бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша шекті мөлшерлеме 25%-дан 20%-ға дейін төмендейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшеріне қатысты қаулы жариялады. Құжат 16 мамырдан бастап күшіне енеді. Алайда бірқатар несие түрлері бойынша жаңа мөлшерлемелер 1 шілдеден бастап қолданыла бастайды.

Несиелердің басым бөлігі бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі бұрынғы қалпында қалады. Атап айтқанда, кепілсіз банктік қарыздар бойынша мөлшерлеме жылына 46%-ға дейін, кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша 35%-ға дейін белгіленген.

Ал ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша шекті мөлшерлеме кезең-кезеңімен төмендейді. 16 мамырдан бастап ол 25% деңгейінде сақталады, ал 1 шілдеден бастап 20%-ға дейін азаяды.

Микрокредиттер бойынша да мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады. 16 мамырдан бастап микрокредиттер үшін шекті мөлшерлеме жылына 46%-ға дейін болады. Ал 45 күнге дейінгі қысқа мерзімді микрокредиттер бойынша мөлшерлеме күніне 0,3%-дан және жылына 179%-дан аспауға тиіс. Бұл талап қарыз сомасы 45 айлық есептік көрсеткіштен аспаған жағдайда қолданылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!