Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2026 жылғы түлектеріне аттестат табыстау салтанатты рәсімі өтті. Биыл мектепті 135 оқушы аяқтап, жаңа өмір жолына қадам басты.
Бітіруші зияткерлердің қатарында 17 оқушы Үздік аттестат иегері атанса, 2 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін растады. Сонымен қатар әрбір алтыншы түлек Назарбаев Университетіне шақырту алып, тағы 15 жас Гонконг, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва және Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алды.
Оқу жылдары ішінде түлектер халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен инженерлік байқауларда жоғары нәтижелер көрсетті. IESO жас геологтардың халықаралық олимпиадасы, WRO дүниежүзілік робототехника олимпиадасы, Infomatrix Asia, Samsung Solve for Tomorrow, Kazakhstan Smart Space және өзге де беделді жарыстарда жеңімпаз атанып, мектеп абыройын асқақтатты. Түлектер арасында IELTS халықаралық емтиханынан 8.0–8.5 балл жинаған, SAT емтиханынан 1500-ден жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар көп. Бұл көрсеткіштер олардың жоғары академиялық әлеуетін дәлелдеді.
Салтанатты жиында мектеп директоры Акбар Тусупбаев түлектерді жетістіктерімен құттықтап, алдағы өмір жолында сәттілік тіледі.
«Шәкірттеріміздің бұл жетістігі – олардың қажырлы еңбегінің, ұстаздарымыздың кәсіби біліктілігінің және ата-аналардың сенімі мен қолдауының нәтижесінде келген бүкіл мектеп қауымдастығының ортақ жеңісі. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие түлектерімізге қай жерде жүрсе де дұрыс бағыт көрсетіп, биік мақсаттарға жетелейді деп сенемін. Қандай мамандық иесі болса да, білімдерің мен қабілеттерің туған елдің өркендеуіне жұмсайтын азамат болып қалыптасуларыңа тілектеспін», – деді Акбар Асқарұлы.
Салтанатты шараға Қамқоршылық кеңес мүшелері, өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдері мен ата-аналар қатысты. Қонақтар түлектерге ақ жол тілеп, ізгі лебіздерін білдірді. Кеш барысында бітіруші түлектер ән шырқап, мектепке, ұстаздары мен ата-аналарына жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Жылы естеліктер мен әсерлі сәттерге толы мереке ерекше атмосферасымен есте қалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!