Оның сөзінше, ІІМ экологиялық көліктер үшін жасыл түсті фонмен ерекшеленетін арнайы нөмірлерді енгізу мәселесін пысықтауда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, елімізде электромобильдер үшін жаңа үлгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін енгізу жоспарланған. Бұл қадам электромобиль иелері тап болып жүрген техникалық мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

– Электромобильдердің мемлекеттік нөмірінің фонын өзгерту қажет. Әлемде қалыптасқан тәжірибе бар, олар жасыл түске боялады, сондықтан бұл мәселе қарастырылып жатыр және қолдау тапты, – деді ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов.

Шыны керек, электромобильдер қозғалысын реттейтін заң күшіне енсе де, іс жүзінде айтарлықтай қиындықтар туындап келеді. Қолданыстағы автоматты тіркеу жүйелері, тұрақтар мен экобекеттердегі камералар көбіне электромобильді басқа көліктен техникалық тұрғыда ажыратуға қауқарлы емес.

Мәжіліс депутаты Арман Қалықов бірнеше себептен электрокар иелері өз жеңілдіктерін пайдалана алмай отырғанын алға тартады. Мәселелер көбіне ақылы тұрақтарға кіру кезінде, қуаттау станцияларында орын алу әрекетінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арқылы өту уақытында және жол полициясы қызметкерлерінің көлікті сәйкестендіруі жағдайларда туындайды.

Сондықтан да, Мәжілістің Экология жөніндегі комитеті нөмірлер үшін бөлек фон түсін пайдалануды ұсынған.

Ескерте кетерлігі, 2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап Қазақстанда электромобиль иелеріне коммуналдық ақылы тұрақтарда тегін тұру құқығын беретін заң күшіне енді.

Бүгінде жеңілдік құқығын растау үшін жүргізушілер құжаттарды өзі көрсетеді. Ал түрлі-түсті нөмірлерді енгізу бұл процесті автоматтандырып, экологиялық көлік иелерінің жұмысын жеңілдете түседі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!