Қазақстанда мобильді телефондарды верификациялау тәсілі өзгеруі мүмкін – бұл функцияны жеке компаниялардың орнына мемлекеттік ұйымға беру жоспарланған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Журналистер нарықта қазіргі оператордан бөлек, телефондарды верификациялайтын жаңа компаниялар пайда болды ма деп сұрады.

Коняшкин бұл мәселе үкімет деңгейінде қаралып, түбегейлі шешім қабылданғанын айтты.

«Қазіргі уақытта бұл мәселе қарастырылды, соның ішінде үкімет деңгейінде де талқыланды. Мемлекеттік монополия жолымен жүреміз деген шешім қабылданды. Бұл телефондарды верификациялау қызметтерін көрсете алатын мемлекеттік ұйым болады», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл үшін қажетті заңнамалық түзетулер дайындалып жатыр.

«Тиісті нормативтік өзгерістер қазір Мәжілісте қаралып жатыр. Олар мақұлданады деп үміттенеміз, егер қабылданса, бұл іспен жүз пайыз қатысу үлесі бар мемлекеттік компания айналысатын болады», – деп толықтырды вице-министр.

Осылайша, Қазақстандағы мобильді құрылғыларды верификациялау нарығы мемлекет бақылауына өтуі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!