Кездестік біз сол кеште тойда, дедім бірден «Она – моя!»
Жүрмейді екен жүрекке айла, құдаша қыз молодая…
Қазақтың тойына бір рет болса да қатысқан жанның еріксіз «Балқия» әніне билеп кеткені анық. Бұл – адамның жан дүниесін серпілтіп, бойына қуат беретін, қуаныш гормондарының бөлінуіне әсер ететін табиғи құбылыс. Алайда осы шаттықтың тасасында ойландырмай қоймайтын бір мәселе бар: соңғы жылдары қазақ әндерінде орыс және ағылшын сөздері жиі естілетін болды. Бұл, бір жағынан, жаһанданудың белгісі болса, екінші жағынан, қазақ тілінің табиғи болмысы мен төл ерекшелігіне қатысты алаңдаушылық туғызады.
Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мерейін үстем етіп, қолданыс аясын кеңейту бағытында аз жұмыс атқарылған жоқ. Бүгінде мемлекеттік тіл телеарналардан, әлеуметтік желілерден, интернет басылымдардан және түрлі цифрлық платформалардан кеңінен көрініс табуда. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық артып, оны меңгерушілердің қатары елімізде ғана емес, шетелдерде де көбейіп келеді. Бұған ұлттық мәдениетке деген ықыластың күшеюі, халықаралық байланыстардың кеңеюі және мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор. Сырт көзге қарағанда, тілдің болашағына қатысты алаңдауға негіз жоқ сияқты. Алайда көзге көрінбейтін, бірақ тереңде жатқан мәселелер де жетерлік. Солардың бірі – қазақ тілінің табиғи тазалығының біртіндеп көмескіленуі. Мен бүгін ана тілін жетік меңгермегендер немесе өзге тілдерде еркін сөйлеп, қазақша ойын жеткізуде қиналатын адамдар туралы сөз қозғамақ емеспін. Қазақ мектебінде білім алып, ұзақ жылдар бойы орыс тілді басылымда еңбек еткен жан ретінде мені соңғы уақытта басқа мәселе толғандырады. Ол – қазақ сөзінің шұбарланып, өзге тілдердің элементтерімен араласқан жасанды тілдік кеңістіктің қалыптасуы. Мұндай ортада ана тіліміздің өз үні мен өз болмысын ажырату барған сайын қиындай түсуде.
Әсіресе бұл құбылыс шоу-бизнес әлемінде анық байқалады. Ұланғасыр Қамидің орындауындағы «Балқия» әні қазіргі қазақ эстрадасындағы ең зиянсыз туындылардың бірі десек, артық айтқандық емес. Алайда бүгінгі күні Ninety One, RaiM, Moldanazar, Kalifarniya, TheLimba, Adam Zhurek сынды орындаушылардың шығармашылығында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің аралас қолданылуы жиі кездеседі. Оның үстіне кейбір әншілер халқымыздың рухани мұрасы саналатын «Қара жорға», «Балқадиша» секілді халықтық әндерді жаңа үлгіде орындауға ден қойып жүр. Әзірге олар мәтінге қол сұқпай, тек музыкалық өңдеумен шектелуде. Дегенмен бұл үрдіс жалғаса берсе түпнұсқа мәтіндердің де өзгеріске ұшырауы ғажап емес.
Бұл тұрғыда «Ирина Кайратовна» шығармашылық ұжымын ерекше атап өткен жөн. Музыка мен әзілді шебер ұштастырған бұл топ Қазақстан жастары арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Олардың бейнероликтері миллиондаған қаралым жинап, әндері жүздеген миллион рет тыңдалды. Соның бір айқын дәлелі – 380 миллионнан астам тыңдалымға ие болған «Айдахар» әні. Алайда үлкен танымалдықпен бірге үлкен жауапкершілік те келеді. Аталған туындыда қазақ, орыс және ағылшын тілдері, көше сленгі мен бейәдеп сөздер араласып кеткен. Мұндай тілдік қоспа тек құлаққа тосын естіліп қана қоймай, жас ұрпақтың тілдік талғамына да ықпал етуді. Бүгінгі жастар үшін бұл еркіндік пен заманауилықтың белгісі болып көрінуі мүмкін. Алайда ертең біздің жастарымыз ана тілінің көркемдігі мен байлығын өзге тілдердің көмегінсіз жеткізе алмаймыз деген түсінікке бой алдырып кетпей ме? Міне, алаңдататын мәселе осы.
Жарнамадағы шұбар тіл
Тілдердің араласуы жарнама саласында да кең етек жайып келеді. Ал жарнаманың қоғамдық сана мен тілдік мәдениетке әсері орасан зор екені белгілі. Бүгінде қазақ тілді аудиторияға бағытталған көптеген жарнамаларда мемлекеттік тіл орыс және ағылшын тілдерінен енген сөздермен араласып беріледі. «Скидканы өткізіп алма», «заказ бер де ұтып ал», «топ баға», «супер мүмкіндік», «бонус жина» сияқты тіркестер күнделікті қолданысқа айналып үлгерді.
Бір қарағанда, бұл көптілді қоғамның табиғи көрінісі секілді. Алайда мұндай тәсіл уақыт өте келе тілдік араласуды қалыпты құбылыс ретінде орнықтырып қана қоймай, тек тауарды емес, белгілі бір тілдік мінез-құлықты да насихаттауда. Нәтижесінде қазақ тілі өзге тілдердің сөздерімен араласқан күйде қабылдана бастады. Жастарға жақын болуды көздеген жарнама индустриясы еріксіз таза қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі орнын әлсіретуі мүмкін. Осылайша бір жағында – заманауилық пен еркіндік, екінші жағында – ұлттық болмыстың көмескіленуі қатар көрініс табуда.
Тілді сақтау – ұлтты сақтау
Ұлы Даланың тілі ғасырлар бойы ақындардың жырында, билердің нақылында, халықтың аңыз-әңгімелері мен мақал-мәтелдерінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Сондықтан тіл тағдырына бейжай қарау – өткенімізге де, болашағымызға да немқұрайлы қарау деген сөз. Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – халықтың тарихи жады, дүниетанымы, рухани әлемі мен жан дүниесінің айнасы.
Әрине, мемлекеттік тілді дамыту өзге тілдерге қарсы көзқарас қалыптастыру дегенді білдірмейді. Қазақстан ежелден көптілді қоғам ретінде қалыптасқан ел. Бізде бірнеше тілді меңгеру әрдайым артықшылық саналған. Сондықтан мәселе басқа тілдерді шектеуде емес, қазақ тіліне деген құрметті арттыруда жатыр. Ал құрмет сауатты сөзден басталады. Экраннан айтылған әрбір ойдан, интернетте жарияланған әрбір мәтіннен, жарнамада жазылған әрбір сөзден басталады.
Осы мақсатқа жету үшін жүйелі жұмыстар қажет. Менің ойымша, мемлекеттік тілдің нормаларын сақтауға жауапкершілік күшейтіліп, тіл мәдениетін қалыптастыратын мамандарды даярлауға баса мән берілуі тиіс. Журналистер, редакторлар, сценаристер, копирайтерлер, жарнама жасаушылар мен өнер адамдары қоғамның тілдік кеңістігін қалыптастыратын негізгі күштердің бірі екенін ұмытпауымыз керек.
Сонымен қатар қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін заманауи форматта көрсете алатын сапалы контент өндірушілерді қолдау қажет. Ана тіліміздің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдейтін жаңа медиажобалар, фильмдер, музыкалық туындылар мен жарнамалар көбейген сайын қазақ тілі де заман талабына сай дамып, өз болмысын сақтай отырып өркендей береді. Өйткені тілді сақтау – сөзді сақтау ғана емес, ұлттың рухын, тарихи жадын және болашаққа деген сенімін сақтау.
Жәнібек ИСАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!