Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 23 сәуір – дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне орай «Өркениетке кітаппен» атты әдеби автобус шарасын өткізді.

Дәйекті сөздермен, шарлармен, арнайы эмблемемен әсем безендірілген №1 бағыттағы автобус жолаушылары кітап туралы өлең-жырларды тыңдап, қосыла ән шырқады.

Рухани байлығымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шарада қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты барлық кітапханалар туралы ақпарат беріліп, кітаптар мерекесінің маңыздылығы туралы айтылды. Сонымен қатар, биылғы балалар жылының ерекшелігіне тоқталды.

Шара барысында «Қазанғап» атындағы музыкалық колледж студенттерінен құралған «Алтын адам» тобы, Дариға Досмағанбетова «Бипыл» әнін орындап, жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кітап – кез-келген оқырманның азығы. Тамыры тереңнен басталып, адамзат пайда болғаннан бері маңыздылығы артпаса, кеміген жоқ. Өткен тарихын біліп, ақын жазушылардың шығармаларына қанып өскен ұрпақ кітап құндылығын бір сәтке естен шығармақ емес. Көненің көзі саналатын кітаптар аты әлемге әйгілі кітапханаларда осы уақытқа дейін құнды құжат ретінде сақтаулы тұр. Өйткені, ол сол елдің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрінің айшықты белгісі. Кітапхананың тұрақты оқырмандары П.Уалиева «Кітап туралы ой», С.Шахат «Кітап біздің досымыз» атты қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқыды.

Сонымен қатар, жүргізушілерге викториналық ойындар ойнатылып, қызықты сұрақтар қойылды. Тапқыр да білімді жолаушылар сұрақтарға нақты жауап беріп, түрлі сыйлықтарға ие болды.
Қоғамдық көлік жолаушыларына «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқуға ұсынылды.

Кітапхананың белсенді оқырмандары Д.Кеңесбай А.Байтұрсыновтың «Анама хат», К.Мәуен «Ат пен есек» С.Жаппасбай «Егіннің бастары», А.Алмасқызы «Өгіз бен бақа» өлеңдерін жатқа оқыды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!