Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты бірқатар ауылда шыбын-шіркей көбейіп кетті. Жергілікті тұрғындар тері лейшманиозы ауруының өршуінен қауіптеніп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желі беттерінде Жаңақорған ауданының Түркістан облысымен шектесетін Көктөбе, Қалғансыр, Қандөз, Қашқанкөл, Қаратөбе елді мекендерінде шыбын-шіркей қаптап кеткені айтылған. Олардың шаққан жерінен адамдарда жара пайда болып жатқаны жазылуда.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, бұл жағдай кейінгі 3-4 жыл көлемінде Сырдария өзенінің суы ұлғайған кезде байқалып отыр. Дарияға жақын орналасқан елді мекендерде 10 күн шамасында шыбын-шіркей пайда болады. Ол 1 ай мерзім көлемінде қайта жойылып кетеді.

«Бұл шыбын-шіркейдің лейшманиоз ауруын тасымалдау жағдайы тіркелген жоқ. Лейшманиоздар қауіпті қансорғыштар арқылы таралады. Ол трансмиссивті паразитарлық аурулар тобына жатады. Тері лейшманиоздың табиғи резервуары кеміргіштер – үлкен құм тышқаны болса, оны москиттер тасымалдайды. Облыста москиттердің бірнеше түрі кездеседі. Олардың ішінде лейшманиоз аурудың қоздырғыш паразитін Рlasmodium Papatasi деген түрі тасымалдайды. Тері лейшманиозы ауруының негiзгi табиғи ошағы – Жаңақорған ауданының Түркістан облысына жақын орналасқан елді мекендері.

Облыс көлемiнде терi лейшманиозы соңғы рет 2003 жылы тіркелген», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Салтанат Жақыпова.

Аталған сырқат өткен жылдың қараша айында 18 жылдан кейін алғаш рет тіркелді. Қараша-желтоқсан айларында 3 жағдай анықталса, биылғы жылдың үш айында – 4 жағдай (оның ішінде 2-уі Жаңақорған ауданында, 2-уі Қызылорда қаласында).