Маусым айында Қазақстандағы ресми дилерлер 21 861 коммерциялық автокөлік сатты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға көп. Бұл туралы Қазақстан автомобиль одағы (ҚАО) мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізде барлығы 105 886 машина сатылып, 2025 жылдың осы кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш іс жүзінде қайталанды. Ұйым өкілдерінің мәліметінше, екі жылдық рекордтық көрсеткіштерден кейін нарықтағы өсім қарқынының сәл бәсеңдегеніне қарамастан, жаңа автокөліктерге деген сұраныс тұрақты түрде жоғары болып қала береді. Сонымен қатар брендтер арасындағы бәсекелестік күрестің айтарлықтай күшейгені байқалады.

«Жалпы сату көлемінің айтарлықтай өзгермегеніне қарамастан, нарық ішінде маңызды өзгерістер орын алуда: бәсекелестік күшейіп, сатып алушылар бағаға, технологияларға және қызмет көрсету сапасына талапшыл бола түсті. Бүгінде нарықта тек ауқым ғана емес, сонымен қатар клиенттердің сұранысына тез бейімделу қабілеті де көрініс тауып отыр», – деді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Маусым айында сатылған брендтер арасында Chevrolet 3 117 көлікпен көш бастаса, екінші орынды Hyundai (3 034 автокөлік) иеленді. Үздік үштікті сатылым көлемін екі еседен астам арттырған Changan бренді (2 565 машина) түйіндеді. Жартыжылдық қорытындысы бойынша қазақстандықтардың ең жиі таңдаған модельдерінің қатарына Chevrolet Cobalt (16 370), Hyundai Tucson (8 601) және Kia Sportage (5 200) енді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!