SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өткен 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы жарияланды. Биылғы тестілеу барысында 900-ге жуық ереже бұзу фактісі тіркеліп, жүздеген талапкердің нәтижесі жойылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, негізгі ҰБТ-ны биыл шамамен 233 мың талапкер тапсырған.
Олардың 73,1 пайызы тесті қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде, ал 383 адам ағылшын тілінде тапсырды.
Биыл талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, мемлекеттік білім гранты конкурсына ең жоғары нәтижесімен қатысу мүмкіндігі берілді. Соның нәтижесінде 233 мың талапкер тесті жалпы 422 мың рет тапсырған. Өткен жылы 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырған болатын.
Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер, яғни қатысушылардың 76 пайызы шекті балл жинады.
Бес пән бойынша орташа нәтиже 69 баллды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 140 баллды Павлодар облысының тұрғыны Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының талапкері Балхан Әлфия (KAZTEST нәтижесін конвертациялау арқылы) иеленді.
Сондай-ақ 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Министрлік мәліметінше, биыл тест нәтижелеріне қатысты 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш түскен. Оның ішінде 152 бірегей тест тапсырмасы бойынша шағым қанағаттандырылған. Қазір республикалық апелляциялық комиссия жұмысын аяқтады, ал талапкерлердің сертификаттары жеке кабинеттерінде қолжетімді.
ҰБТ өткізу кезеңінде 890 ереже бұзу фактісі анықталды.
Тестілеуге смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 522 адам емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Ал тестілеу барысында тәртіп бұзған 361 талапкер аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері күшін жойды.
Сонымен қатар кейбір талапкерлерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған құрылғылар тәркіленген. Бейнежазбаларды тексеру қорытындысы бойынша тағы жеті адамның тест нәтижесі жойылды. Министрлік мәліметінше, тестілеуге бөтен адамның қатысу деректері анықталмаған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ аяқталғаннан кейін бейнежазбаларды 31 қазанға дейін тексеруді жалғастырады.
Егер осы кезеңде тыйым салынған заттарды пайдалану немесе тестілеу ережелерін бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері де жарамсыз деп танылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
