Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл басынан бері жүйелі жұмыстар атқарып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Алдағы екі жылда барлық аудандар мен Қызылорда қаласында «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» жоспарланған. Бұл туралы басқарма басшысы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен алдағы екі жылда 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 8 жоба «Жасыл Даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады. Оның ішінде, облыс орталығы Қызылорда қаласында 2 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның бірі Оңтүстік Корея инвесторларымен жүзеге асырылатын қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Аталмыш жоба аясында Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауыты салынатын болады. Қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайтын зауытта қалдықтар кәдеге жаратылып, электр энергиясы өндірілетін болады. Сонымен қатар, 100-ден аса бос жұмыс орындары құрылады. Бұдан бөлек, қуаттылығы жылына 220 млн шыны ыдыстарын шығаратын жобаны іске асырмақпыз. Зауытқа шикізат ретінде өнімнің 50 пайызына Республика бойынша жинақталған шыны қалдықтар қолданылатын болады. Жалпы, барлық жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 500-ден аса тұрақты жұмыс орындары ашылып, 500 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыптау және қайта өңдеуден өтеді,- деді Серік Сағитжанұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!