Фото: ШҚО полиция департаменті
Шығыс Қазақстан облысында қаруды сақтауға және тіркеуге қатысты заң талаптарын бұзған 45 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қару айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейд жүргізді.
— Соның барысында заңсыз айналымнан 12 қару, оның ішінде тегіс ұңғылы мылтықтардан бастап электрошокты құрылғыларға дейін тәркіленді. Мобильді топтар азаматтық қарудың 8 мыңнан астам иесін тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп шықты. Сондай-ақ Өскемен қаласында криминалдық есепте «ұрланған» ретінде тіркелген бір травматикалық қару анықталды, — делінген ақпаратта.
Тексеру нәтижесінде жалпы саны 45 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның 25-і қаруды сақтау қағидаларын бұзуға қатысты болса, қалған 20 адам оны тіркеу тәртібін сақтамағаны үшін жауапқа тартылды.
Сондай-ақ қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін тоғызы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!