Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының өршуі ушығып барады. Елде қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 1 406 адамға жетіп, 438 науқас көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News.un.org порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандар саны 1 406 адамға жетті. Оның ішінде 438 адам қайтыс болған.
Үкіметтің соңғы мәліметіне сәйкес, індет ең көп таралған өңір – Итури провинциясы. Сонымен қатар Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында да жұқтыру жағдайлары тіркелген.
Конго билігі Эбола індетінің өршуі туралы биыл мамыр айының ортасында хабарлаған болатын. Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, халық арасында вирустың таралуы, тұрғындардың жиі қоныс аударуы және зардап шеккен кейбір аудандарға қолжетімділіктің шектеулі болуы індетпен күресті қиындатып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетімен күреске аштықтың күшеюі айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді.
Ұйымның мәліметінше, елде Эбола жұқтырғандар саны 3,2 мыңнан асты. Сонымен қатар індеттен зардап шеккен өңірлерде тұратын 2,65 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр.
WFP сарапшыларының айтуынша, аштық халықтың емделуге және оқшаулану шараларын сақтауға мүмкіндігін төмендетіп, індеттің таралу қаупін арттырады. Осыған байланысты ұйым алдағы алты айда Конгодағы гуманитарлық операцияларды жалғастыру үшін 293,6 миллион доллар көлемінде қосымша қаржы қажет екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар БҰҰ-ның күнделікті шолуында Бас хатшы Антониу Гутерриштің Кипрге сапарының қорытындылары, Батыс жағалаудағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауы және Гаитидегі гендерлік зорлық-зомбылықтың күрт өскені де қамтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
