Мамыр – ел жадындағы ең қастерлі айлардың бірі. Бұл айда батырлықтың байрағы желбіреп, ерлік пен елдікке тағзым жасалады. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Сыр жұлдыздары балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық инновациялық академиясында тағылымы мол, рухы биік мерекелік кеш өтті. 

Кеш барысында жүргізушілер Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің маңызына кеңінен тоқталып, бейбіт өмірдің бағасын батыр бабалардың ерлігімен байланыстырды. «Ел тыныштығы – ердің мойнында» деген тағылымды сөздердің астарында ел қорғаған азаматтарға деген шексіз құрмет жатқаны анық сезілді. 

Мерекелік кеште академия директоры Жанар Бимұратқызы құттықтау сөз сөйлеп, барша ер азаматтарды қос мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ел тыныштығы мен тәуелсіздігін күзету – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Сонымен қатар білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға алғыс білдіріп, бірқатар қызметкерлерді марапаттады.

Кеш барысында әндер шырқалып, түрлі бейнероликтер көрсетілді. Әсіресе сарбаздар туралы бейнежазбалар мен патриоттық бағыттағы қойылымдар көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Сонымен қатар ойындар ұйымдастырылып, көрермендерге сыйлықтар тарту етілді. 

Бұл кеш тек ән мен биден құралған концерт қана емес, ерлікке тағзым мен елдікке құрметтің көрінісі болды. Батыр бабалардың аманатына адал болу, бейбіт өмірдің қадірін түсіну, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну сынды асыл ұғымдар сахна арқылы көрермен жүрегіне жол тапты. 

Ел қорғайтын ерлеріміз аман, көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін. Ұлы Жеңістің рухы ұрпақ жадында мәңгі жаңғыра бермек. 

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!