KAZINFORM – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында «Шахтер» демалыс аймағының маңындағы тауға серуендеуге шыққан бес туристі, оның ішінде үш баланы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Туристер «Шахтер» демалыс аймағынан солтүстікке қарай 15 шақырым жерде орналасқан Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы «Кендара» шатқалында болған.
ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, берілген бағыт пен байланыс ақпаратының арқасында демалушыларды жылдам тауып, оларды аман-есен «Шахтер» демалыс аймағына жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
ТЖМ орманға барарда қуаты толық телефонды, ауыз су мен азық-түлік қорын міндетті түрде алып жүру қажеттігін еске салады.
– Жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы алдын ала хабарлап, қараңғы уақытта орманға шықпаған жөн, – делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
