KAZINFORM — Армения үкіметі жаңа шақырылымдағы Ұлттық жиналыстың алғашқы сессиясы басталғаннан кейін ел Конституциясына сәйкес отставкаға кетті, деп хабарлайды Armenpress.
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Facebook-парақшасындағы тікелей эфир кезінде өтінішке қол қойылғанын мәлім етті.
— Бүгін Ұлттық жиналыстың 9-шақырылымының алғашқы сессиясы басталды. Армения Республикасы Конституциясының 158-бабына сәйкес, Ұлттық жиналыстың алғашқы сессиясы өтетін күні үкімет Республика Президентіне отставкаға кету туралы өтінішін ұсынады, — деді Никол Пашинян.
Премьер-министр Армения президентіне жолдаған үндеуін оқып берді, содан кейін үкіметтің отставкасын қабылдау туралы құжатқа қол қойды.
Сонымен бірге Никол Пашинян үкімет мүшелері жаңа министрлер кабинеті жасақталғанша, өз міндеттерін атқара беретінін еске салды.
Оның айтуынша, Конституцияның 149-бабына сәйкес, жаңа парламенттің өкілет мерзімі басталғаннан кейін Армения Президенті парламенттік көпшілік ұсынған кандидатура негізінде Премьер-министрді тағайындайды. Содан кейін жаңа үкімет жасақталады.
7 маусымдағы сайлау нәтижесінде жасақталған Арменияның тоғызыншы шақырылымдағы жаңа парламенті 2 тамызда өз жұмысын бастады. Ел Конституциясына сәйкес, үкімет жаңа парламенттің сессиясы басталған кезде отставкаға кетеді. Содан кейін президент парламенттік көпшілік сайлаған премьер-министрді тағайындайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
