ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл жеміс көшеттерін сақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйелі түрде климаттық жағдайды қадағалап отырады және туындайтын қатерлерді жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Қазақстанның қатал және болжауға келмейтін климаттық жағдайларын ұдайы назарға алады. Сақтандыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін өндірістегі қауіпті оқиғалардан қорғаудың пәрменді құралдарының бірі болып табылады. Республикада АӨК ерікті сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап күшіне енді.

Бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Бүгінгі таңда өсімдік шаруашылығы саласында дәнді дақылдар (бидай, сұлы, арпа, жүгері), күздік және майлы дақылдар (күнбағыс, зығыр, рапс) бойынша сақтандыру өнімдері енгізілді, сонымен бірге мал шаруашылығы саласында ІҚМ, ұсақ мал, жылқы, құс саласы сақтандыруға жатады. Жеміс екпелерін сақтандыруға қатысты айтар болсақ, бұл сақтандыру өнімі өткен жылы шетелдік компаниялардың бірімен бірлесіп әзірленді және Қазақстанда тестілеуден өтті. Алайда, тестілеу кезінде әзірленген сақтандыру өнімінің кейбір қателіктері анықталды, бұл оны практикалық іске асыруға мүмкіндік бермеді. Қазіргі уақытта Агросақтандыру қауымдастығы Германия-Қазақстан аграрлық-саяси диалогымен, Swiss Re қайта сақтандыру ұйымымен және Agroinsurance International компаниясымен бірлесіп, оны жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Көпжылдық деректер негізінде жасалатын барлық қажетті есептеулер аяқталды және қайта сақтандыру ұйымымен келісуден өтіп жатыр. Одан өткеннен кейін сақтандыру өнімі жергілікті сақтандыру компанияларымен пысықталатын болады. Жеміс көшеттерін сақтандыруды екі бағыт бойынша енгізу жоспарланып отыр: егінді табиғи сипаттағы құбылыстардан және аурулардан сақтандыру, сондай-ақ көпжылдық екпелердің өздерін мүлік ретінде сақтандыру.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агросақтандыру қауымдастығымен бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеуде және ағымдағы жылы жеміс екпелерін сақтандыруды енгізу жоспарланып отыр»,-делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!