Мамыр айының бел ортасында Алатаудың баурайында «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының тұсауы кесілді. Еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен 20 команда, бас-аяғы 60 ақын қатысқан жобаның бүгінде екінші айналымы аяқталуға жақын. Алғашқы айналымы Алматы қаласында өткен жобаның келесі айналымы өзге аймақтарда өз жалғасын тапты.
Ақын жүрегінен туған жыр оқырманның жүрегіне жеткенде ғана өз биігін табады. Ал поэзияны көпшілікке жақындату, ақын мен оқырманның арасын жалғау үшін кейде жаңа формат, тың бастама қажет. «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының дүниеге келуі де осындай қажеттіліктен туындаған.
Қазақта өнердің қай түріне де бәсеке бар. Көкпардың дүбірі, айтыстың аламаны, ән байқаулары мен түрлі шығармашылық додалар көрерменін қалыптастырып үлгерді. Ал жазба поэзиядағы ақындардың басын қосып, олардың шығармашылық мүмкіндігін сынға салатын, ел көлемінде тұрақты түрде өтетін ауқымды жоба жоқтың қасы еді. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен ақын Мөлдір Айтбай тәуекелге бел буып, «Мөлдір өлеңді» қолға алды. Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық жобаға 20 команда жасақталған. Әр командада үш ақыннан бар. Жоба шамамен 18 аптаға жоспарланып, бірнеше кезең арқылы үздіктерді анықтауды көздейді.
Жобаның ерекшелігі – мұнда ақынның дайын шығармасын оқып шығуы ғана емес, оның ой ұшқырлығы, тақырыпты игеруі, сөз саптауы, көркемдік танымы сыналады. Әр кезеңде ақындар түрлі шығармашылық тапсырмаларға жауап беріп, өздерінің поэтикалық мүмкіндіктерін көрсетеді. Осы арқылы көрермен ақынның дайын дүниесін ғана емес, оның өлеңнің туу сәтіндегі шығармашылық болмысын да бағамдай алады.
«Өлеңге қызығатын адам азайды» деген пікірлер айтылып жүрген уақытта «Мөлдір өлеңнің» көрермен жинауы осы тұжырымды қайта ойлануға себеп. Өйткені жақсы дүние ұсынылса, оның өз аудиториясы бар. Тек сол аудиториямен тіл табысатын, поэзияны бүгінгі көрерменге ұғынықты әрі тартымды форматта жеткізетін алаң қажет.
Мөлдір Айтбай «Мөлдір өлеңнің» авторы ғана емес, негізгі демеушісі ретінде де жобаның жүгін өз мойнына алған. Ақындардың жол шығынына дейін көтеріп, сайыстан шығып қалған қатысушыларға да қаржылай сыйақы беріп келе жатқанын айтады. Бұл – поэзияға деген құр қызығушылықтан әлдеқайда терең сезімнің көрінісі. Өйткені жеке қаражатымен әдеби жоба ұйымдастырып, оған елдің әр қиырынан ақын жинау – үлкен жауапкершілік. Мұндай бастаманың артында ең алдымен өлеңнің болашағына деген сенім тұрады.
Жобаның бас жүлдесі де қомақты. Ақтық мәреге жеткен жеңімпаз командаға 3 миллион теңге ақшалай сыйақы және «Мөлдір өлең» ауыспалы статуэткасы табысталады. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, бағалы жүлде 100 грамм алтын мен 3 карат бриллианттан жасалмақ. Статуэтканың ауыспалы болуы жобаның жыл сайын жалғасып, жеңімпаздан жеңімпазға өтіп отыратын дәстүрлі додаға айналуына мүмкіндік береді.
Жобаның ел арасына тарай бастауы поэзияның табиғатына да жаңаша қарауға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын өлең көбіне кітап бетінде, әдеби кештерде немесе мерзімді басылымдарда оқырманымен қауышса, енді ол әлеуметтік желі, тікелей эфир, бейнеформат арқылы жаңа аудиторияға жетуде. Жоба көрерменге ашық форматта ұсынылып, оның кезеңдері онлайн көрсетіліп келеді.
«Мөлдір өлеңнің» алғашқы айналымынан кейінгі кезеңнің өзінде жоба төңірегінде қалыптасқан қызығушылық оның жай ғана бір реттік байқау болып қалмайтынын аңғартқандай. Ал екінші айналымның аяқталуға жақындауы додадағы бәсекені бұрынғыдан да қыздыра түсті. Енді ақындар үшін әрбір сөз, әрбір шумақ, әрбір шығармашылық шешім маңызды. Өйткені бұл жерде үш ақынның ғана емес, тұтас бір өңірдің үміті бар. Мұндай жобаның ең үлкен жеңісі бір ғана команданың жүлде алуы емес, жас ақындардың оқырманға таныстырылуы болмақ. «Мөлдір өлеңнің» ең үлкен олжасы да осында.

СЫРДАН ШЫҚҚАН ҮШ ДАРЫН «МӨЛДІР ӨЛЕҢ» МІНБЕРІНДЕ
Сыр бойын сөз өнерінің киелі мекені деп атау – қалыптасқан қалыпты теңеу ғана емес, тарихи һәм рухани шындық. Қорқыттан басталып, жыраулар дәстүрімен жалғасқан, Нартай мен Тұрмағамбеттей саңлақтардың жырынан нәр алған Сыр поэзиясы бүгін де өз биігінен аласарған жоқ. Керісінше, жаңа заманның тынысын сезініп, уақыттың тамырын тап басатын жас қаламгерлер буынымен толығып келеді.
Сол буынның бүгінгі белді өкілдерінің қатарында Ақжол Түменбай, Айдар Сайлауов, Аружан Оралбай есімдері аталады. Үшеуінің поэзиядағы қолтаңбасы әртүрлі болғанымен, мұраттары бір – сөздің қадірін түсірмей, өлеңнің өрісін кеңейту. Биыл Сыр елінің атынан «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасына қатысып отырған үш ақынның шығармашылық жолына үңілгенде, Қызылорданың әдеби ортасының тынысын да аңғаруға болады.
Қазалының қоңыр топырағынан түлеген Ақжол Түменбай – кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі жас ақындар шоғырының арасынан өзіндік үнімен дараланған қаламгер. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық жыр додаларының жүлдегері. Ақынның шығармашылық жолындағы алғашқы іздері туған жеріндегі әдеби ортадан бастау алған. Ол бүгінде Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қызмет атқарады.
Айдынды өлке Аралда дүниеге келген Айдар Сайлауов – ақындық пен журналистиканы қатар алып келе жатқан шығармашылық иесі. Ол еңбек жолын республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналынан бастап, жауапты хатшы қызметіне дейін көтерілген. Кейін «Сыр бойы» газетінде тілші, республикалық «Ақмешіт жастары» газетінде бас редактор қызметтерін атқарған. 2024 жылдан бері Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы.
Сырдың жас ақындар легіндегі өзіндік үні бар қаламгердің бірі – Аружан Оралбай. Шиелі ауданында дүниеге келген ақын Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдап, кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология ғылымдарының магистрі дәрежесін алған. Бүгінде республикалық «Ақмешіт жастары» газетінде тілші қызметін атқарады.

«Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасында Қызылорда облысының командасы алғашқы екі айналымды сәтті аяқтап, келесі кезеңге сенімді қадам басты. Алғашқы айналымда Алматы қаласында Солтүстік Қазақстан облысының ақындарымен сөз додасына түскен Сыр өңірінің өкілдері өздерінің поэзиялық қарымын танытып, қарсыласынан басым түсті. Бұл жеңіс командаға жобаның келесі кезеңіне жол ашып қана қоймай, ақындардың өзара шығармашылық байланысын нығайта түсті.
Екінші айналым Орал қаласында жалғасын тауып, Қызылорда командасы Батыс Қазақстан облысының ақындарымен бақ сынады. Өлең мен ой, шеберлік пен сахналық дайындық қатар сыналған кезеңде қызылордалықтар тағы да жеңіске жетіп, қатарынан екінші мәрте қарсыласынан басым түсті.
Осылайша, Қызылорда командасы жобаның алғашқы екі айналымын жеңіспен қорытындылап отыр. Алайда ақындар үшін негізгі сын әлі алда. Жобаның ендігі кезеңдері – финал мен суперфиналға жол ашылды. Ерекше айта кететін жай, жоба жеңімпазы дауыс беру арқылы шешіледі. Әр кезең сайын бәсеке күшейіп, ақындардың шығармашылық мүмкіндігі мен командалық үйлесімі сынала түспек.
«Мөлдір өлең» атауының өзінде поэзияның табиғатына тән тазалық бар. Мөлдірлік – жасандылықтан ада болу. Өлеңнің де қадірі сонда. Ол ақынның жүрегінен шыққанда ғана оқырман жүрегіне жетеді. Сырдың жыр өлкесінен шыққан осы үш қаламгердің «Мөлдір өлеңдегі» сапары да сол өлеңнің қасиетін, оның әлі де талай жүрекке жол табатын қуатын таныта түсері анық. Бірі Қазалының қара өлеңін арқалап келсе, бірі Аралдың ақжал толқынынан қуат алып, енді бірі Шиелінің сырлы топырағынан нәр алып келеді. Үшеуінің дауысы бөлек болғанымен, айтпағы ортақ, туған жерді сүю, ізгілікті жырлау, уақыттың үнін есту және қазақ поэзиясына адал болу. Сондықтан «Мөлдір өлең» сахнасында Қызылорда облысының командасы – жай ғана үш ақынның бас қосуы емес. Бұл – Сырдың үш түрлі үні.
Қорытындылай келе, бүгін Алатаудың баурайынан басталған «Мөлдір өлең» ертең қазақтың әр түкпірінде жалғасып, жаңа есімдерді елге танытатын үлкен әдеби дәстүрге айналса, бұл тек жобаның ғана емес, тұтас қазақ поэзиясының жеңісі болмақ. Себебі әр қазақтың жүрегінде бір шумақ өлең өмір сүретіні ақиқат. Ал оны оятатын сөз ғана керек.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!