Алыстан қарағанда қойма ішіндегі сап-сары үйінді шағын жотаға ұқсайды. Күн сәулесі түскен тұсы алтын реңкке боялған. Бұл – Атыраудан теміржолмен жеткізілген түйіршікті күкірт. Оның әр түйірі бірнеше технологиялық кезеңнен өтіп, уран өндірісіне қажет қышқылға айналады. 12 тамызда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырған баспасөз турымен «СКЗ-U» ЖШС-не келгенде көрген алғашқы әсерлі көрінісіміз осы болды.

Зауытқа кірер сәттің өзі өндірістің мінезін аңғартты. Қауіпсіздік мамандары белгіленген бағыттан шықпау, қорғаныш құралдарын шешпеу және дабыл кезінде әрекет ету тәртібін түсіндірді. Содан соң арнайы киім, каска, көзілдірік, бетперде, қорғаныш қалқаны мен қолғап тақтық. Микрофонды қолғаппен ұстау алғашында тосындау көрінгенімен, зауыт аумағына енгенде әр талаптың адам өмірі үшін қажет екенін түсінесің.

Кәсіпорын аудан орталығынан 17 шақырым жерде орналасқан. Мұндай таңдау іргелес жатқан «Хорасан-1» және «Хорасан-2» уран кеніштерін күкірт қышқылымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Серіктестік 2007 жылы құрылып, алғашқы өнім 2012 жылы алынды, ал 2013 жылдан өнеркәсіптік өндіріс толық жолға қойылды. Бүгінде зауыт тәулігіне 1500 тонна, жылына 500 мың тонна қышқыл өндіруге қауқарлы. Кей жылдары көлем 510–520 мың тоннаға дейін жеткен.

Сары жотадан сандық басқаруға дейін

Өндіріс тарихында бірнеше елдің қолтаңбасы бар. Жобаны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, жапониялық SAP-Japan Corporation және Британдық Виргин аралдарында тіркелген UrAsia London Limited жүзеге асырған. Негізгі жабдықты итальяндық BALLESTRA жеткізсе, кешенге Франциядағы General Electric бу турбогенераторы, Termodyn турбинасы мен Brush генераторы енгізілген. Қышқыл MECS (Monsanto) лицензиясындағы қосарлы конверсия және қосарлы абсорбция технологиясымен алынады. Бұл – қауіпсіздік пен тиімділікті жүйелі бақылауға құрылған халықаралық тәжірибенің Сыр бойындағы көрінісі.

Бұл атаулардың зауыт ішінде қалай жұмыс істейтінін көру одан да қызық. Күкірт қышқылы зауытының директоры Сәбит Дауылбаев бізді шикізат қоймасынан негізгі өндірістік желіге дейін таныстырды. Кәсіпорын жылына 160 мың тоннаға дейін түйіршікті күкірт өңдейді. Вагоннан түскен шикізат қоймаға, одан әрі балқыту аймағына жөнелтіледі. Сары түйіршіктің қышқылға айналуына жоғары температура, дәл есеп және үздіксіз бақылау керек.

– Түйіршікті күкіртті 135 градус температурада балқытып, сүзгілеуден өткіземіз. Сұйық шикізат пеште жағылады, онда температура 1000 градусқа дейін көтеріледі. Газ 400 градусқа дейін салқындатылып, күкірт диоксиді ванадий катализаторы арқылы күкірт триоксидіне айналады. Соңғы кезеңде газ абсорбция бағандарынан өтіп, күкірт қышқылы алынады, – деді Сәбит Дауылбаев.

Сары жотадан сандық басқаруға дейін

Қоймадағы сары түс соңғы нүктеде көзге көрінбейді: дайын қышқыл – түссіз сұйықтық. Оның бастапқы концентрациясы 98,5 пайыздан асады. Кейін көрсеткіш тұтынушы талабына сай төмендетіліп, өнім теміржол цистерналарымен «Хорасан-1», «Хорасан- 2» кеніштері мен Шиелі өңіріндегі уран кәсіпорындарына жөнелтіледі. Қышқыл кен құрамындағы уранды ерітіндіге өткізуге көмектеседі, ал уран сіңген сұйықтық екінші ұңғымамен жер бетіне шығарылады. Демек, зауыттың бір күндік жұмысы бірнеше кеніштің ырғағына әсер етеді.

Күкірт жанғанда бөлінетін мол жылу ауаға жіберілмей, бу өндіруге жұмсалады. Бу турбинаны қозғалысқа келтіріп, электр энергиясы алынады. Химиялық өндіріс осылайша өзіне қажет қуаттың едәуір бөлігін өзі шығарып, артылғанын сыртқы желіге береді. Мұнда тиімділік өнім көлемімен ғана емес, шикізат пен энергияны барынша толық пайдаланумен де өлшенеді.

– Өндірілген электр қуатының 5–6 мегаваты зауыттың өз қажеттілігіне жұмсалады. Сыртқы желіге 10–11 мегаватқа дейін беруге мүмкіндігіміз бар. Күкірт қышқылын алу кезінде бөлінген жылуды қайта пайдалану сырттан келетін электрге тәуелділікті азайтып, бүкіл үдерістің тиімділігін арттырады, – деді зауыт директоры.

Сары жотадан сандық басқаруға дейін

Темір құбырлар арасынан орталық басқару бөлмесіне кіргенде көрініс күрт өзгереді. Мониторларда температура, қысым, газ қозғалысы мен жабдықтардың күйі сан және сызба түрінде көрініп тұр. Сыртта мың градусқа дейін қызған пеш жұмыс істесе, оның әр қадамы осы тыныш бөлмеден бақыланады. Қазіргі өндірісте каска мен қолғап қаншалық қажет болса, сандық сауат пен мұқият талдау да соншалық маңызды екенін осы жерден аңғардық.

Монитордағы көрсеткіштің дұрыстығы зертханадағы талдаумен бекітіледі. Мұнда Атыраудан келген күкірттен бастап дайын қышқылға, технологиялық су мен мұржадан шығатын газға дейін тексеріледі. Өлшеу құралдарының әрқайсысы үлкен өндірістің шағын, бірақ шешуші бөлігі. Зертхана басшысы Жадыра Сүлейменованың айтуынша, сапаны бақылау дайын өнімнен емес, шикізат вагоннан түскен сәттен басталады.

– Алдымен түйіршікті күкірттің сапа паспортындағы көрсеткіштерге сәйкестігін анықтаймыз. Оның күлділігін, органикалық қоспалары мен қышқылдығын тексереміз. Дайын өнімнен моногидрат концентрациясы, темір мөлшері мен күл қалдығы зерттеледі. Газдың құрамы мен ылғалдылығы, контактілеу және абсорбция кезеңдеріндегі көрсеткіштер де назардан тыс қалмайды, – деді Жадыра Сүлейменова.

Зертхана технологиялық судың құрамын да тексереді, өйткені сапасыз су жабдықтарда шлам мен қақ жиналуына ықпал етуі мүмкін. Талдау нәтижесі өндірістік шешімге негіз болады. Зертхана 2012 жылдан бері аккредиттелген. Мұнда 11 маман 14 күн жұмыс істеп, 14 күн демалатын кестемен еңбек етеді.

Сары жотадан сандық басқаруға дейін

– Әр маман қауіпсіздік талаптары мен лауазымдық нұсқаулығын дәл орындауға тиіс. Бір ғана дәлсіздік технологиялық үдеріске әсер етуі мүмкін, сондықтан барлық талдау бекітілген стандартпен жүргізіледі, – деді Ж.Сүлейменова.

Қауіпсіздік нұсқамамен шектелмейді. Қызметкерлер ауысым алдында автоматтандырылған медициналық тексеруден өтеді, медициналық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар алғашқы көмек көрсетуге және автоматты сыртқы дефибрилляторды қолдануға үйретілген. Мұндағы тәртіп жауапкершілікті күнделікті дағдыға айналдырған.

Өндірістің сандық келбеті жастарға да ой салады: мұнда механик, энергетик, химик, зертханашы мен операторға орын бар. 2026 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша «СКЗ-U» ЖШС-де 276 адам еңбек етеді, соның 259-ы күкірт қышқылы зауытында жұмыс істейді. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы – Жаңақорған ауданы мен облыстың өзге аудандарының тұрғындары. Кәсіпорын жергілікті кадр үшін кәсіби мектепке айналған.

Сары жотадан сандық басқаруға дейін

Күкірт қышқылы өндірілген жерде экология туралы сұрақ заңды. Өндірістің жалпы тиімділігі 99,7 пайызға, ал абсорбция кезеңіндегі көрсеткіш 99,9 пайызға жуықтайды. Қосарлы конверсия мен қосарлы абсорбция шикізатты толық өңдеп, газды бірнеше кезеңмен тазартуға бағытталған. Тәуелсіз мамандар тоқсан сайын зауыт пен Кейден ауылындағы ауа, су және топырақтан сынама алады, ал зертханалық бақылауды автоматтандырылған онлайн мониторинг толықтырады.

– Экологиялық қауіпсіздікке бірінші кезекте мән береміз. Тәуелсіз зертхана мамандары тоқсан сайын келіп, зауыт аумағымен бірге көршілес елді мекендегі ауаның, судың және топырақтың жағдайын тексереді. Осы күнге дейін белгіленген нормадан асқан жағдай тіркелген жоқ, – деді «СКЗ-U» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Даирбек Әбдешев.

Автоматтандырылған жүйе шығарындыларды күндіз-түні бақылап, мәліметті Экология департаменті мен тиісті комитетке онлайн жолдайды. Көрсеткіш өзгерсе, оны жедел анықтауға болады. Кәсіпорынның қауіпсіздік пен қоршаған ортаға жауапкершілігі «Парыз» байқауында бағаланып, компания облыстық және республикалық кезеңде бірінші орын алған. Дегенмен зауыттың ауданмен байланысы марапатпен шектелмейді.

Сары жотадан сандық басқаруға дейін

Кейден ауылында жыл сайын 1200-ден астам көшет отырғызылады. Тұрғындардың 2024 жылғы өтінішінен кейін балаларға жаңа күрес залы салынды. Бұрын пеш жағылатын ғимаратта жаттыққан жеткіншектер қазір барлық жағдайы бар нысанда дайындалады. Өндірістің аймаққа пайдасы кейде тоннамен, кейде баланың алаңсыз жаттығуымен өлшенеді.

– Кәсіпорын өндіріс көлемімен бірге айналасындағы елді мекендердің тіршілігіне де үлес қосуы керек, – деді Даирбек Әбдешев.

Сапар соңында касканы өткізгенде күрделі үдеріс қысқа тізбекке сыйып кеткендей көрінді: Атыраудан келген күкірт балқып, газға айналып, конверсия мен абсорбциядан өтіп, уран өндірісіне қажет қышқыл болып шығады. Бірақ әр буында адам тұр. Бірі шикізат түсіреді, бірі монитордан қысымды бақылайды, енді бірі зертханада тамшының құрамын өлшеп, қоршаған ортаның көрсеткішін қадағалайды.

Қызылордаға қайтар жолда терезе сыртындағы дала тым-тырыс көрінді. Ал сол кеңістіктің бір тұсында пеш жанып, турбина айналып, жүздеген адам еңбек етіп жатыр. Жаңақорғандағы сапар өндіріс қуатының алып қондырғымен ғана өлшенбейтінін көрсетті. Оның шын қуаты – дәлдікке үйренген маманда, қауіпсіздікті әдетке айналдырған ұжымда және бір түйір шикізаттың өзін ел қажетіне жарата білген технологияда.

Ердәулет ҚАЛИЕВ
Қызылорда – Жаңақорған – Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!