Сот жүйесінде тәуелсіздік жылдары ішінде сот әділдігін жүзеге асырылуының тиімділігі мен сапасын арттыруда, тәуелсіз, мінсіз сот корпусын қалыптастыру бойынша бірқатар шаралар атқарылып, түрлі реформалар жүзеге асырылды.

         Еліміздің Ата Заңы азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, құқықтар мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді, Ал, Конституцияның 7-бөлімінде соттар мен сот төрелігі жайлы, яғни, сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болып танылатыны айтылған. Осының өзі соттың ерекше мәртебиесін нақты айшықтайды.

Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне араласуға жол берiлмейдi, ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Заңның 79-бабында «Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кідіртілуі мүмкін. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерді қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгіленген жағдайда, – Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды» деп судьялардың мәртебесі көрсетілген.

Ал, соттар қызметінің негізгі қағидаларын, соның ішінде судьялардың құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңы айқындаса, судьяларға қойылатын талаптар Судьялық әдеп кодексінде бейнеленген.

2016 жылдың 21 қарашасында Қазақстан Республикасы судьяларының VІІ-і съезінде бүгінгі қолданыстағы Судьялық әдеп Кодексі қабылданды.

Аталған кодекс судьялар корпусының пікірлері мен тілектеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық Заңына, «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», Халықаралық «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт», «Судьялардың іс-әрекеттерінің Бангалор қағидалары» және басқа да халықаралық актілерге негізделген.

Кодексте судьяның абыройы мен іскерлік беделіне назар аударылып қана қоймай, судьяның сот әділдігін жүзеге асыру барысында заңды және ар-ожданын басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі нақтыланған. Судья өз қызметімен қоса, жеке басының мінсіздігімен азаматтарға Қазақстан Республикасы Конституциясын және басқа да заңдарды құрметтеу сезімін қалыптастыруы тиіс. Сонымен қатар, сот билігінің тәуелсіздігі принципін сақтауға және сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін жағдайларға жол бермеуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндетті.

Судьялық әдеп кодексі 15 баптан тұрады. 1-бапта «Судья берілген антына берік болуға, оның әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелегін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс» деп айқындалса, 2-баптың талабы бойынша судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етулерге жол бермеуге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруға тиіс.

         Кодекстің 4-бабында судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етуге тиіс екендігі көрсетілген.

          Сондай-ақ, судья заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді жалпылама, негізделмеген сынға алудан тартынуға, судьяның кәсіби қызметі саяси мақсатты көздейтін саяси партиядағы немесе қоғамдық бірлестіктегі мүшелігімен ұштаспайтындығы, судья міндеттерін орындаған кезде өз діни тиесілілігін көрсетуден аулақ болуға, судья сот қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби көрсетілуіне ықпал етуге, судья өзінің дінге қатыстылығын танытпауы тиіс екендігі кодекстің 5-9 баптарында  талапқа қойылған.

         Кодекстің 10-бабының талабына сай, судья қоғамдық іс-шаралар мен басқа да көпшілік орындарынан, егер бұл оның беделіне зиян келтіретін болса аулақ болуға тиіс.

Сонымен қатар, 11-12-бапта судья өз беделі мен отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлауы керектігі, яғни қызметтік жағдайын өзінің жеке мүдделеріне, отбасы мүшелері мен басқа да адамдардың мүдделеріне пайдаланбауы және судья жеке таныстық пен байланыстарда талғампаз болуы тиіс екендігі қамтылған.

Судьялық әдеп кодексінде тек судьяның міндеттері ғана емес, құқықтары да қарастырылған. Ол жөнінде 9-бапта «егер судьяның қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында оның беделіне негізсіз нұқсан келтіріліп көрсетілсе, онда өз құқықтарын қорғаудың өзге тәсілдері таусылған айрықша жағдайларда судьяға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында құқық қорғау және сот органдарына жүгінуге болады» деп көрсетілген.

           Айта кету керек, кодектегі талаптарды Қазақстан Республикасының барлық судьялары, сондай-ақ отставкадағы судьялар да орындауға міндетті.

Тәуелсіз сот жүйесін жетілді­руде жоғарыда аталған заңдар өз үлестерін қосқанын айтып өту керек.

Жалпы, бүгінгі күні соттар қа­жетті деңгейде материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етіліп, соттарда электрондық және бейнебайланыс жүйелері, басқа да ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері қарыштап дамыған. Осының нәтижесінде кез келген сындарлы сағатта соттар өз қызметтерін әдеттегінше жалғастырып, сот әділдігін жүзеге асыру барысы  тоқтамайды.

Елшібеков Бақытбек Есенгелдіұлы,

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының төрағасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!