Туған топырақтан қуат алып, төрткүл дүниенің тарландары тайталасқа түскен тартысты бәсекелерде топ жарған түлектер жыл артқан сайын көбейіп келеді. Мысалы, жыл басталғалы 59 спортшымыз әлем чемпионатынан олжалы оралды.  Өткен жылы да табыссыз болған жоқпыз. Қандай жарыс болмасын, сыр бермейтін сырбаз спортшылар үйде отырып тілеуін тілеген ағайынды толайым қуанышқа кенелтті.

Сондай-ақ біздің өңірде жаңа ғимараттар есігі айқара ашылып, жергілікті өрендердің саламатты өмір салтын серік етуіне мүмкіндік туды. Тағы бір қуанарлығы, біздің облыс бұрын тек жазғы спорт түрлерінен ғана түрлі жарыстарға қатысып келгені белгілі. Енді олардың қатарына қысқы сайыс түрлері де қосылды. Бұған дәлел жерлесіміз Артур Сұмағұловтың жаңалығы. Ақ бас Алатауда Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесі үшін өткен халықаралық жарыста Артур гран-приге қол жеткізіп, Сыр спортындағы тарихты таразылай түсті. Артурдың жеңісі Чехияға жол ашты. Смағұлов  31 тамызда Прага қаласында бүкіләлемдік додада ел намысын қорғайды.

Аймақта жапон спортының шоқтығы биік. Бір емес бірнеше спортшымыз дзюдодан ел намысын Олимпиада ойындарында қорғады. Жамал Бозова, Жанар Жанұзынова, Нұргүл Тағаева, Әділхан Қозыбаевтың ізін жалғаған Мағжан Шамшадин биыл үлкен белесті бағындырды. Загребте Grand Frix халықаралық турнирінде Мағжан елге абыроймен оралды. Бір қызығы, соңғы кездері татамидың халықаралық тұғыры өңір спортшыларына бұйырмай жүрді. Бұл жолы Мағжан Шамшадин қызылордалықтарды жарқын жеңісімен қуантты. Мағжан бұл жеңістен кейін Азия біріншілігіне қатысты. 15 күн ішінде 2 ірі халықаралық жарыста бақ сынаған Шамшадин шымыр екенін байқатты. Азияда ол қол жүлдені місе тұтып, Париж олимпиадасына бір табан жақындай түсті. Елордада өткен бәсекеде тағы бір жерлесіміз Нұрлыхан Шархан да өзінің табанбылығын көрсетті. Ауыр салмақта белдескен Нұлыхан да сары құрлықтың үздік үш спортшысының қатарына енді. Жалпы дзюдо спортындағы жетістігіміз ауыз толтырып айтатындай. Себебі ел құрамасының дені өңір дзюдошыларына тиесілі. Таяуда Францияның Нормандия қаласында дүниежүзілік гимназия ойындары өтіп, Самал Мәлікқызы 70 елден 4000-нан аса спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде дзюдодан сайысқа түсіп, қоржынға қола жүлдені салды.

Биыл қазақ күресінен берекеміз артты. Бұл біздің спорттағы серпінді көрсетті. Қызылордалық балуан Мақсат Исағабылов елордада  өткен «Қазақстан барысында» жеңімпаз атанды. Қуанатынымыз, спорттың бұл түрінен біздің өңір үшінші мәрте тұғырға қонды. Ел болып көз тіккен додада Сыр саңлағы төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, алтын белбеуді аймаққа алып келді. 

Тақтай үстіндегі таңғажайып ойыннан да жаңалығымыз артты. Грецияның Родес қаласында Шахматтан (рапид, блиц) жасөспірімдер және қыздар арасында Әлем Чемпионатында жерлесіміз Назерке Нұрғали керемет көрсеткіш көрсетті. Әлемнің 40 елінен кіл мықтылар жиналған чемпионатта Сыр сұлуы Назерке Нұрғали 7,5 ұпаймен қарсыластарын басып озып,18 жасқа дейінгі қыздар арасында Әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар Назерке биыл ұлттық құрама сапына еніп, Үндістанда өткен олимпиада ойынында ел намысын қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Миллиондардың ойыны санаталын футболдан да аймағымыз тарихи жағдайдың куәсі болды. 55 жылдық тарихы бар «Қайсар» футбол командасы биыл Қазақстан кубогында табысты өнер көрсетуде. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен дала қасқырлары топтық кезеңде сенсациялық жеңістерді тіркеді. «Ақжайық», «Қызылжар», «Каспий» секілді азулы командаларды жеңіп, ширек финалға топтан 1-орынмен өтті. Бір қызығы Қазақстан футболының тарихында бірінші лигада бақ сынайтын командалар бұрын-соңды ел кубогының ширек финалына жолдама алып көрмеген. Бұл үрдісті биыл «Қайсар» футбол клубы бұзды. Енді Сырдың бас командасы жеребеге сәйкес 31 тамызда «Ордабасы» футбол клубымен шеберлік байқасады.

Түркітілдес мемлекеттердің ұйымдастыруымен Түркияда Ислам ойындары өтуде. Ауыр атлетикадан Айзада Мүптілдә жалпы жиынтығы 266 келі зілтемірді бағындырып, рекордтық көрсеткіш орнатты.

Міне биыл үлкен спортта бағымыз жанып тұр.  Тамыз айына дейінгі көрсеткішті сараласақ Әлем чемпионатынан – 31, Азия чемпионатынан – 107, Қазақстан Республикасы чемпионатынан – 754 медальға қол жеткіздік. Спорт мерекесі қарсаңында Сыр спортының биылғы жетістігін бір шолып шықтық. Алда Париж Олимпиадасы келе жатқанын ескерсек, оғландарға әлі де тер төгу қажет екені ескеріледі. Сондықтан кәсіби мерекеде аймақ пен елдің намысын қорғап жүрген саңлақтарға бәсі биік бәсекелерде бап пен бақ қатар шапсын деп тілек қосамыз!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!