Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстаннан капиталдың жыл сайын заңсыз шығарылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұлтанбек Мәкежанов сенатта өткен дөңгелек үстел барысында қаражатты заңсыз шығару мәселесін шешу үшін арнайы ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Қазақстаннан жыл сайын 16,7 миллиард доллар заңсыз шығарылады. Біздің еліміз 148 елдің ішінде 11-орында тұр. Қазақстан экономикасы шикізатқа бағытталғаны бәрімізге мәлім. Қазақстан көмірсутектер мен металдардың экспортына өте тәуелді. Экспортымыздың негізі өңдеу үлесі жоғары түпкі өнім емес, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар», – деді депутат.

Сенатор пайдалы қазбаларды экспорттау арқылы тікелей немесе жанама түрде алынған капиталдың шетелге заңсыз тасымалдануы Қазақстан қоғамы үшін ауыр екенін айтты.

«Осылайша, бұл мәселе экономикалық шеңберден шығып, әлеуметтік-саяси сипатқа ие», – деді Мәкежанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!