Цифрландыру әр саланы өзгеше сүрлеуге салып, қолжетімділік басты шартқа айналғалы түрлі деңгейдегі банктер қаржыдан қысылғанға қарыз беруді жеңілдетіп жіберді. Статистика бойынша елімізде әр үшінші қазақстандық несие алған. Оның біразы жастар.
Қазақтың «үйленгенінен үйлі болуына» дейінгі әрекеттері банктерге байланғандай. Мамандар мұны қазақстандықтардың қаржылай сауатсыздығымен байланыстырады. Себебі ел халқының тең жартысында депозит салымдары емес, бас-басында бір-екі банкке қарызы бар. Алайда жастар неге несиеге құмар? Қарызды алу оңай, қайтаруда неліктен қиналамыз? Осы сұрақтар төңірегінде мәселенің мәнісіне үңілейік.

Қарыз жабу үшін қарыз алу
Кез келген 21 жасқа толған ел азаматы несиеге қол жеткізе алатынын атап өттік. Бірінші кредиттік бюроның ресми ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда экономикалық белсенді халық қатарындағы 9,2 миллион адамның 7,2 миллионында, яғни, 77 процентінде несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллион адам қарызын уақтылы төлей алмағандар екен.
2020 жылдың соңына қарай Dauletten.kz сайты өз оқырмандары арасында сауалнама жүргізіп, несие туралы біраз сұраққа жауап алған. Сауалнама арқылы қазақтардың несиені қандай қажеттілік үшін алғанын сараласақ, техника мен электроника сатып алу себебі екінші орында тұр. Басты орында тұрғын үй, көлік алу, жеке кәсіп ашу және той жасау үшін алынған несиелер орналасқан.
Банк қызметкері, заңгер Әсем Сатыбалдиева қазіргі таңда несиенің түрлі мақсатта алынып жатқанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, қазақстандықтардың көбінде кездесетін жағдай – қарызды қарызбен жаба тұру. «Оған көзім жетті. Тіпті, қазақтар қайта қаржыландыру жасауға тырыспайды. Себебі кредитті қайта қаржыландырса, әлдеқайда ұтымды. Дегенмен олар бірден банкке жүгіріп, тағы бір кредит рәсімдейді. Шыны керек, пайыздық мөлшерлемесіне де аса назар аудармай жатады», – дейді маман.
Оның айтуынша, соңғы жылдары дүркіретіп той ұйымдастыру, маңызды отбасылық мерейтойлар үшін де жиі несие алынады. Бұл мақсаттағы қарыздың мөлшері 10 миллион теңгеге дейін жетеді деуге болады. Қазақтар тойды атқарып шығу үшін кем дегенде 3-4 миллион теңгеге дейін қарызға кіреді екен.
Қазір – нарық пен маркетинг кезеңі. Соған қарамастан көбісі бұрынғы жүйеге сай, жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруге үйреніп қалған. Айдың соңына жетпей, қиналған жұрт жамырап, банкке қарай жүгіреді. Міне, сарапшылардың зерттеулеріне мән берсек, қазақстандықтар түгелдей материалдық, қаржылық жетіспеушілікті қарызбен жаба тұруға ұмтылады екен.

Өңірдің ахуалы қалай?
2020 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс тұрғындарының банктен алған тұтынушылық несиесі 161 миллиард теңгені құраған. Бұл – республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары. 2015 жылдан бері соңғы бес жыл ішінде тұтынушылық несие көлемі аймақта 1,9 есеге өскен, ал бұл уақытта азаматтардың жалақысы 1,5 есеге ғана артқанын айта кету керек.
– Тұтынушылық несие талдауы көрсеткендей, несиенің бұл түрінің көлемі халықтың кірісіне қарағанда 1,5 есе тез өсуде. Бұл пандемия салдарынан халықтың әлеуметтік әл-ауқатының нашарлауы аясында әлеуметтік шиеленістің катализаторына айналуы мүмкін. Ойланатын жағдай», – дейді мамандар.
«Пандемия шынымен бәрін өзгертті. Қаржылық жағынан қиналып, азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек қымбаттай түскенде, балалар онлайн оқитын кезде қиындық болды. Үш балам да мектеп оқушысы. Сол кезде несиеге телефон сатып алдық. Бөліп төлейтін болған соң оңай көрінгенімен, ай сайын уақытылы ақша салып отыру да шығын. Бастысы азық-түлік жеткілікті, шүкір дедім. Себебі әлі күнге дейін «Kaspi Red» арқылы азық-түлікті бөліп төлеуге алатын таныстарым бар», – дейді Айзада Жақсылықова есімді қала тұрғыны.
Азық-түлік үшін қарыз­дану – халық мұқтаж­дығының көрінісі. Тұрмысқа қажетті заттардың, техниканың, азық-түліктің бағасы шарықтаған күрделі кез жұмыссыз, көпба­лалы от­ба­сы­лардың жағдайын одан әрі қиындатып, несиеге жүгінген жөн екенін көрсеткендей. Дегенмен аз пайызбен, ұзақ уақытқа бөліп төлеу арқылы несие алу «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүретіндер үшін оңай шешім ғана сияқты.

Қарызға неге құмармыз?
Психологтар адам туындаған мәселені жылдам шешу, бір сәтке бәрін оңайлату үшін несиеге жүгінетінін айтады. Бірақ шын мәнінде қарыз алу – өзіне, ақша табу қабілетіне сенімсіз адамның әдеті. Ал ауру қалса да, әдеттің қалмайтыны айтпаса да белгілі.
Экономист Жарас Ахметовтың пікірінше, Қазақстанда банктер үшін халық қарыз алушы ғана. Тұтынушылық несиенің өсуі қауіпті дүние емес. Жинаған қоры жоқ, табысы төмен халық несиеге жүгінеді. Қажеттіліктерін қарыз алып қана қанағаттандырады. Алайда несие берер кезде екі жақ үшін де қарыз беру мен алудың барлық шарты сақталуы қажет. Пайыздық мөлшерлеме мен банктың шартына мән бермегендер кейіннен шатылып, қарызын қайтара алмайтынын білгенде, қашқынға айналады. Осылайша бір қарызын жабу қайта несие алып, қашып жүргендер қаншама.
Мұның бәрі айналып келгенде елдің қаржылық сауатсыздығын білдіреді. Сондықтан білім ордаларында оқушылар мен студенттерге, жұмыс орындарында орта буындағыларға осы бағытта білім беруді қолға алатын уақыт жеткен сынды.
Қанша уақыт өтсе де банктердің ұраны: «Қарыз, қарызды беру – парыз» болып қала бермек. Тұрғындардың бір бөлігі несиені кешіруді өтініп, президенттен көмек сұрауға да көшті. Бірақ бар жауапкершілікті мемлекетке артып, қаржылық қиындық туындағанда қабылдаған шешімімізді жоққа шығару мәселені шешпейді.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!