Фото: primeminister.kz

KAZINFORM – Топан су басқан бірнеше өңірде жаңа үйлер салынып жатыр. Толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитет төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы «Біз біргеміз» телемарафонында айтып берді.

«Су тасқынынан ел бойынша 13 мыңнан астам тұрғын үйге залал келді. Бүгінде 3,5 мыңнан астам тұрғын үйге техникалық тексеріс жүргізілді және жалғасып жатыр. Нақты есеп техникалық тексерістен кейін белгілі болады. Су басқан тұрғын үйлердің кейбірі қайтадан салуды талап етсе, кейбірін жөндеу керек. Шығын республикалық бюджет, Үкімет резерві, қоғамдық қорлар және бизнес өкілдері бөлген қаражат есебінен өтеледі», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитет төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы «Хабар» телеарнасына сұхбат бере отырып. 

Одан әрі министрлік өкілі су басқан кейбір өңірлерде жаңа тұрғын үйлер салудың басталғанын айтты. 

«Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 100 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті, ол жерде 10-нан астам мердігер мекеме жұмыс жасауда. Сонымен қоса Ақтөбе облысы Қобда ауданында 120-ға жуық тұрғын үйдің құрылысы басталды, 11 мердігер компания бар. Одан бөлек, Қостанай облысы Арқалық қаласында Үкімет резерві қаражаты есебінен 31 азаматқа жаңа үй кілті табысталды. Бұл жұмыстар басқа да өңірлерде жүргізіледі. Әкімдіктермен бірлесіп дайын жер учаскелері қаралып жатыр», – деді ол. 

Сондай-ақ, спикер жаңа үйлермен қоса тұрмыстық ең қажетті заттардың берілетінін мәлім етті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!