«Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымы дайындалып жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымын әзірлеуде. Бұл жұмысқа еліміздің жетекші ғылыми институттары тартылды», – деп атап өтеді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның дерегінше, басылымды әзірлеуге жұмылдырылған ғылыми мекемелердің қатарында Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Халықаралық Түркі академиясы, Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институты, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институты бар.
«Көптомдық еңбекті 2023 жылы басып шығару жоспарлануда», – деді Ералы Тоғжанов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!