Дәуір үнсіз отыр. Жанарын бір нүктеге қадап алған оның ойы сан-саққа кеткен. Кешірейін десе, жүрек түбіндегі күмәні сейілер емес. Кешірмейін десе, мына сұрықсыз ғаламда одан басқа жанына жылу сыйлайтын сұлу жоқтай көрінеді.
Әлдебір уақытта бүйтіп өмір сүргенше деп, өзін-өзі өлімге қиюға бекінді. Бірақ санаулы секунд қалғанда ес жиып, көз алдына бес жастағы құлыншағы келе берді. Сүйретіле орнынан түрегеліп қарап еді, жағалаудағы жұрт та бұған мән берместен жанынан өтіп жатыр екен.
– Ит өмір, – деді көкжиекке көз тастаған күйі.
Жағалаудан орталыққа беттеді. Сарқырама. Ләззатпен танысқан жері. Сол кезден бастап оның соңынан жүгіріп жүріп, әрең қаратып алғаны ойына оралды. Сол сәттегі Күннұрының мұның соңынан жүгіріп, жүзінен көз алмай қарап отыратыны, ақыры сол бір баянды махаббатқа қолы жетпеген соң көз көрмес, құлақ естімес, шалғайдағы жігіттің қолынан ұстап, сол күйі кеткені еске түсті.
Баяғы Ләззат екеуінің жиі отыратын шеткі орындыққа жайғасқан. Маңайдағы адамдар да бұған аянышты көзқараспен қарайтын тәрізді. Бейшара күйге түскені жанына батады. Әттең…
Телефон шыр етті… Тұтқаның арғы жағында Ләззат екен.
– Сен бүгін қайтасың ба өзі?
Жаны жабырқап отырған Дәуірдің құлағына Ләззаттың өктем үні келгенде оның өкінішімен қабаттасқан ашуы буындырып тастауға бар еді… Сабырмен тоқтады.
– Мені сағынып отырғандай айттың ғой?
– Балаң іздеп жатыр. Ауық-ауық сені сұрайды. Үш күн болды үйдің маңына жақындаудан қалдың…
Балаң дегендегісі өзінің де іздегені ғой… Бірақ хас сұлулардың ортасында жүріп, осыны сүйіп қалғанына тағы өкінді. Өмір…
– Сен оны сағынасың ба? – деді бір сәтте Дәуір. Көптен сұрай алмай жүргені еді…
– Кімді айтасың?
– Өтірік білмегенсіме. Сен кімді айтып отырғанымды білесің.
– Ақымақ болма, Әділ. Оған қанша жыл өтті ғой…
Әңгіме осымен тәмам болды.
Сарқыраманы жағалай түсіп, «Дидардың» маңынан оңға бұрылды. Әрі барса, орталық алаң. Жұрт сауық-сайран құрып жүр. Ал бұл өзінің арманындағы аруының ізімен келеді. «Розалидің» есігі ашық тұр екен. Қараңғылық құшағына еніп барып, кафенің есігін тартты.
– Сізге не әкелейін?
– Екі шөлмек сыра…
Жанындағы мұңды досқа да, дұшпанға да айта алмайды. Бірақ ішінен өзін-өзі жеп бара жатыр. «Мына денем өртеніп, барады ысып» дегенде де сол ешқандай су баса алмайтын ыстықты айтқан екен- ау… Салқын сыраның өзі қып-қызыл шоққа айналған бойын баса алмай тұр. Бір уақытта маңдайдан суық тер шықты.
– Жаныңыз бос па?
Бұл уақытта қыз көрінгеннің барлығы бір кейіпте еді. Барлығынан өзінің ғашығын көреді. Барлығынан соның бет-бейнесін іздейді. Бірақ сыртқы түрі сай келгенімен, жан дүниесі – тым бөлек. Шылымын тұтатты… Темекі түтінінің арасынан өзінің іздеген әлемін көргендей болады. Сыраны төбеден төмен төңкере салады. Бармен:
– Аға, сіз осымен болдыңыз ба? Тағы керек пе? – деді.
– Қайтала, – деген дауыс шықты бұ жақтан.
«Розали, есігіңді аш, мен келемін,
Сыраңмен сырқатымнан емделемін…»
Оның жан дүниесіндегі ноталардың пернесі өзіне ғана таныс әуендерді шырқай жөнелді. Бірақ ешкім түсінер емес. Алай- дүлей болып жатқан жан дүниесінің емін іздегендей болды.
– Жазира…
Сары сусынды өзімен бірге ала келген сары қыз мұның көңіліндегі мұңды өзіне сұрап алардай ынтық еді… Мұның келгенін асыға күтетін. Өзінің ауысымы болмаса да, жанында қалып, мұның жырларын тыңдағысы келеді. Өлеңіне ғашық, бірақ өміріне емес…
Ақ қанат арман ақ тамағыңа апарған,
Аймалап тұрып құштым мен.
Мендегі сезім сұлулығыңнан от алған,
Әтірдің иісі үстіңнен…
Аядай ғана екі бөлмеде адам қалмаған. Тек Жазира мен Дәуір… Дәуір өлең оқыды, Жазира ұйып тыңдады… Қанша тыңдаса да жалығар емес… Өйткені, ол өлеңіне ғашық, өйткені, өлеңі – Дәуірдің өмірі.
– Сен сезіне аласың, сен сезімді түсінесің? Бірақ…
Жазира сұқ саусағын Дәуірдің ерніне тігінен қойды да басын шайқады.
– Өмірің соншалықты трагедия ма?
– Жо-жоқ, адамдар трагедияны қолдан жасап алады.
– Онда неге есіңді жимайсың? Жан-жағыңа бір қарашы. Адамдар тірлігімен кетіп барады.
– Жоқ, мен олай істей алмаймын. Ол оны ұмыта алмай жүр.
– Дәуір, мен сені жақсы көремін. Бірақ екеуіміз қосыла алмаймыз. Менің өткен өміріммен сен мені жар қыла алмайсың. Ондай ауыр жүк артқым келмейді.
Дәуір үнсіз бас изеді. Жазира әңгімесін жалғады.
– Міне, өмірде солай қосылмайтын адамдар болады. Олар қосылмадық екен деп, жүрек төріне көміп қойған сезімін өшіре алмайды. Шер толқытқанда сол сезім жарыққа шығып тұрады. Білесің бе, бірақ оның еш зияны жоқ…
Таң қылаң беріп келеді. Орындыққа жайғасып ұйқыға кеткен Дәуірден көз алмастан Жазира отыр. Сезімін ауыздықтаған қыз қанша сүйсе де білдірген емес. Тек өткен түнде бар сырын жайып салды. Ал Дәуір осыған дейін қалай көр соқыр болып жүргенін түсінгенде шақшадай басы шарадай болған.
– Бірақ бәрі де кеш, – деді қолындағы неке жүзігін көрсеткен Жазира.
Шығарып сап тұрмын тағы,
Қысып қатты қолыңды.
Неке жүзік қолыңдағы,
Сонда білдім жолымды…
Дәуірдің қойын дәптеріне тағы бір шумақ енді. Ол өзінің жан жарасын таңуға барғанда қыз жүрегіндегі кіршіксіз сезімді көміп тастады. Иә, олар енді кездеспейді…
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
