Елордада «Экологиялық мәдениетті арттыру және жастар мен балаларға қолайлы эко-жағдайлар жасау жөніндегі кешенді шаралар» жобасының іске асырылу барысы баяндалған баспасөз конференциясы өтті.
Жиынға экологтар, қаланың белсенді азаматтары, сондай-ақ қоғамдық экологиялық ұйымдар мен жалпы білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.
Конферецияда сөз алған Қазақстан экологиялық қорының президенті Айгүл Әбдуалиева жоба шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей, бүгінде жаһандық жылыну процесі қарқын алып барады. Сонымен қатар, пластик заттарды қолдану көрсеткіші ұлғайды. Біз өзіміз тұрып жатқан планетамызды қоқысқа айналдырып жатырмыз. Сондықтан біз мұнымен күресуіміз керек. Ол үшін өзімізден және жас ұрпақтан бастауымыз қажет. Олардың санасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды», — деді Айгүл Әбдуалиева.
Оның айтуынша, қор жанынан экологиялық клуб ашылған. Онда балалар мен жасөспірімдер эко-мәдениеттің алғышарттарымен танысып, қоқысты бөліп жинау сияқты дағдыларға үйренеді. Сонымен қатар бүгінде мамандар мектеп оқушыларына арнап экология бойынша оқулық жазып жатыр.
«Қазір мектептерде экология бойынша факультатив жүргізіледі. Бұл ретте біз білім ордаларында балалар сапалы білім алуы үшін оқу материалдарын әзірлейміз. Сондай-ақ мен ғылым докторларына экология бойынша оқулық жазуды ұсындым. Қазір олар кітап әзірлеп жатыр. Біз оны пилоттық негізде Маңғыстау облысындағы барлық мектептерге енгіземіз», — деп жоспарларымен бөлісті Айгүл Әбдуалиева.
Айта кетейік, «Экологиялық мәдениетті арттыру және жастар мен балаларға қолайлы эко-жағдайлар жасау жөніндегі кешенді шаралар» жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұсынған мемлекеттік гранты аясында іске асырылып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!