SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда экологиялық қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі табиғатты қорғау саясатына жаңа серпін беріп отыр. Бұл қадам мемлекет үшін экологияның енді екінші кезектегі емес, басым бағытқа айналғанын айқын көрсетті. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ жасыл технологиялар департаментінің директоры Айман Есекина мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, Конституцияға енгізілген экологиялық нормалар тек декларация емес, нақты міндет жүктейтін құқықтық негіз.
– Экологияның Конституция деңгейінде бекітілуі – бұл салаға мемлекеттік саясат тұрғысынан ерекше мән берілетінін білдіреді. Конституция – заңнаманың өзегі, сондықтан ондағы талаптар баршаға міндетті, – деді Айман Есекина.
Оның пікірінше, бұл өзгерістер қоғамның экологияға деген көзқарасын да өзгертеді. Яғни, мәселе тек заңда емес, адамдардың санасында.
– Экологиялық нормаларды конституциялық деңгейде бекіту қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Бұл – саналы көзқарас пен жауапкершіліктің негізі, – деп атап өтті сарапшы.
Айман Есекина экологиялық нормалардың тиімді жүзеге асуы нақты нәтиже беруі тиіс екенін де айтты. Оның сөзінше, қағаздағы талаптар іс жүзінде жұмыс істемесе, реформаның мәні жоғалады.
– Конституциялық нормалар формалдылық болмауы керек. Олар нақты бағдарға айналуы тиіс. Сол кезде ғана Қазақстан экологиялық мәдениетті жүйелі түрде дамытып, заманауи технологияларды енгізіп, табиғатты қорғау деңгейін жаңа сатыға көтере алады, – деді ол.
Сарапшының бағалауынша, экологиялық бағыттың заңнамалық тұрғыда күшеюі елде тұрақты даму мен «жасыл» экономиканы қалыптастырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
