Жеті айдан астам уақыттан бері Украинаға шабуыл жасап жатқан Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйек күні «ішінара мобилизация» жүргізілетінін мәлімдеген болатын. Нәтижесінде соғысқа қатысудан бас тартып, бас амандығын ойлаған ресейліктер туған жерінен жаппай ағылып көше бастады. Шекарадан асып, Қазақстанға қарай өтіп жатқандар қатары тіптен көп.

Әлеуметтік желіде шекаралардағы шақырымдық кезекте тұрған көліктердің суреттері мен бейнежазбалары пайда болды. Осы орайда қоғам белсенділері қазақтардың үрейін тудырған бұл өзгерістің оң-терісін анықтап, реттеу керегін жарыса айтты, биліктегілерден шекараны жабуды талап етті. Көшіп келген ресейліктер туралы «елінің мүддесі үшін күрескісі келмейтін сатқын, қорқақтар өзге елдің шаңырағын биіктете қоймас» деген пікірлер кеңінен тарағандай.

Ал сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың: «Аз ғана ресейлік келіп тұруға рұқсат сұрай алады. Егер орыстар бізге келсе, тіпті, одан кейін қайсыбір шаруамен осында біраз уақытқа қалғысы келсе, мұнда ешқандай мәселе туындамауы керек. Біз оларды шектей алмаймыз. Ал тұруға рұқсат беру, бермеуді реттейтін тиісті заңдар бар», – деген пікірі көпшіліктің ашуын шақырып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Тарих пен уақыттың таразысына салып өлшеген ел зиялылары мен қарапайым тұрғындар ресейліктердің ағылып келуімен болашақта ел егемендігіне қауіп төне ме деп қорыққан еді. Қорықпай ше? Ресейліктер үшін Қазақстан өмір сүруге, жұмыс істеуге ең қолайлы мемлекет болатынына күмән жоқ. Себебі қазақ тілі мен орыс тілі қатар, тіпті, көп жағдайда екіншісіне басымдық берілетін қоғамда білім алу, жұмысқа орналасу, ортаға бейімделу көп қиындық тудырмайды.

Ресейліктердің жаппай көшіп келуімен Алматы, Астана қалаларындағы жалға берушілер бұрынғы пәтер жалдаушыларды бір күнде-ақ шығарып тастап, «жаңа тұрғындарға» жоғары бағамен беруі жалдамалы пәтер нарығындағы баға мәселесін мемлекет тарапынан қолға алу керегін түсіндірді. Бұл да жұрттың ашуын тудырды. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші көпшілік халықтың өзі халықты қанап жатқанын айтып, ашкөздіктің алысқа апармайтынын талқыға салды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, соғыс кезінде 6 мыңға жуық бейбіт адам қаза болған. Қаза тапқан жауынгер санына байланысты әртүрлі дерек бар. Украина қарулы күштерінің мәліметі бойынша, олар 9 мыңдай сарбазынан айрылған. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация жариялаған күні берген сұхбатында 5937 әскери қызметкер қаза тапты деді. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің есептеуі бойынша, Ресей бұл соғыста 25 мыңдай сарбазынан айырылған көрінеді.

Ішінара мобилизация жарияланғаннан кейінгі екі апта ішінде Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келген. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі ахуал бақылауға алынған. «Мобилизация жарияланған алғашқы кезде шекара маңында көлік кептелісі болды, қазір біртіндеп бәрі бұрынғы қалпына оралып жатыр. Мәселен, бір күн ішінде елімізге 7 мыңнан астам Ресей азаматы кірсе, 11 мыңға жуығы кетіп қалды. Әрі оларға ешқандай шектеу болған емес, болмайды да. Барлығы елдер арасындағы құқықтық келісім аясында жүзеге асырылады», – деді министр.

Өзге ұлттан енгендерге ешқандай шектеу жоқ екенін білдік. Ал олардың ел экономикасына әсері бар ма? Қаншалықты өзгеріс күтіп тұр? Бұл сұрақтың жауабын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәлімдемесінен аламыз. Оның айтуынша, ресейліктердің келуі қазақстандық еңбек нарығына айтарлықтай әсер етпейді-мыс. Жалпы жыл басынан бері Ресейден Қазақстанға келген 262 мыңға жуық адамның 6 518-і жұмыс бойынша келген екен.

Экономикамызға әсері осындай. Болжам көп. Жалпы елдегі «жаңа тұрғындардың» жайы жаман емес. Ал мобилизацияның машақатын көріп отырған ресейдегі қазақтардың хәлі қалай? Бұл туралы «Абай.кз» ақпараттық порталында Алма Сайлауқызы: «Гай Александров атты елдімекенде орыстар мен қазақтардың үлесі теңдей екен. 50:50 деуге негіз бар. Мобилизация басталғанда, екі жақтан да теңдей адам алынады деген логикалары «сынып» қалыпты.

Гайлықтардан 450 адам соғысқа алынған. Нешеуі орыс деп ойлайсыздар? 225 адам? 25 адам? 3 адам! 450-ден тек үшеуін ғана орыстан алынған. Сенесіздер ме? 447-сі қазақтар! Әскерде болып келген Володя әлі ішіп, шалқып жүр екен. Оған повестка келмеген. Ал өмірі әскерде болмаған, заң бойынша ішінара мобилизацияға жатпайтын механизатор, тракторист, ветеринар Бақыт, Мұрат, Арманның бәрін бір күнде жинап, аттандырып жіберген.

9000 адамы бар осы селодан бір-екі жігіт қана Қазақстандағы туыстарына кетіпті. Ал қалғандарының көбі: «Сатқын болмаймыз, Отанымызды қорғаймыз» деп, отар-отар қой секілді кете беруге әзір. Қандай аянышты. Сарытауын емес, өзге елдің территориясында бір алжыған шалдың сасық көкірегін қорғаймын деп күлі көкке ұшарын ойлауға қауқарсыз. Өзін сақтағысы келген, ұрпағын өрбіткісі келген қазақтар Қазақстанға оралмаса, ол жақта құрып-жойылары немесе атын, жөнін, ділін, тілін, дінін сатып, толық ассимиляцияға түсіп кетері анық…», – деп жанайқайын жеткізген еді.

1 қазанға дейінгі бір апта ішінде сегіз мыңнан астам көрші елдің азаматы жеке сәйкестендіру нөмірін алған. Экономистер елге келетіндердің көші одан әрі көбейсе, инфляцияға кері әсер етеді деп болжауда. «Жылжымайтын мүлік нарығында бағаның қалай құбылғанын көріп отырмыз. Жалдамалы пәтер құны аспандап кетті. Себебі, бұл нарықта сұраныс артты. Ресейліктер баспанаға жайғасты. Енді олар тамақ ішеді, жұмыс іздейді, керек затын алады. Демек, азық-түлік пен өзге тауарлардың бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Әрине, елге келетін Ресей азаматтары осымен тоқтаса бәрі дұрыс болады. Егер көбейсе, жағдайымыз қиындайды», – дейді экономист Андрей Чеботарев.

Елдегі жағдайды, алдағы бір жылды болжау мүмкін емес. Бейбіт күнге не жетсін деп шын шүкір еткенімізбен, данышпандар айтқандай аты жаман соғыстан бәріне бас шұлғи кететін елдің«үнсіздігі» қорқынышты сынды…

Дина БӨКЕБАЙ