фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Кейінгі кезеңде Сыр өңірі түрлі бағытбойынша өркендеп келеді. Атап айтарболсақ, өндіріс пен инфрақұрылым жаңа кезеңге қадам басты. Аймақ экономикасында серпінді жобалар бірінен соң бірі іске асып, өңірдің энергетикалық және агроөнеркәсіптік әлеуеті арта түсуде. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы мен заманауи күріш өңдеу кешенінің іске қосылуы өңір дамуының нақты көрінісіне айналып отыр.
Алдымен аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалардың бірі – жаңа жылу электр орталығы туралы сөз қозғасақ, себебі бұл нысан тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды инвестициялық жобалардың қатарында. Мемлекет басшысының қолдауымен түркиялық «AKSA Energy» компаниясы қолға алған бұл жоба өңірдің энергетикалық тапшылығын жоюға бағытталған маңызды қадам.

Облыс әкімі баспасөзге берген брифингінде «Бұл тәуелсіздік жылдарында инвесторлардың қаражатына жүзеге асырылған жобалардың бірі. Жаңа станция 240 МВт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Бұл біздің өңірді электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, оның бір бөлігін оның шегінен тыс сатуға мүмкіндік береді», – деп тың жобаның маңызын айшықтап өткен еді.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның қысқа мерзімде жүзеге асырылуы. Жобалық құжаттары 2023 жылы дайындалып, құрылыс жұмыстары былтыр басталды. Ал бүгінде станция жоспарланған мерзімнен бұрын ел игілігіне пайдалануға берілді.

Электр станциясының үздіксіз жұмыс істеуі үшін ұзындығы 45 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Құны 15 миллиард теңгені құрайтын бұл инфрақұрылым нысаны станцияны тұрақты отынмен қамтамасыз етеді. Энергетикалық жобаларда мұндай жүйелі тәсілдің маңызы зор, себебі тұрақты отын көзі болмаса, өндіріс те ақсап қалады.
Қазір станцияның газ турбиналық қондырғылары іске қосылып, тәулігіне 170 МВт көлемінде электр энергиясын өндіріп отыр. Бұл көрсеткіштің өзі өңір үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта бу турбинасының іске қосылуы нәтижесінде станция толық жобалық қуатына шығады. Бұл өз кезегінде аймақтағы энергия тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.

Жаңа станцияның іске қосылуы тек бір өңірдің ғана емес, тұтас елдің энергетикалық жүйесіне оң әсерін тигізеді. Әсіресе электр жүктемесі жоғары оңтүстік аймақтар үшін қосымша генерация көзінің пайда болуы аса маңызды.
– Қазіргі уақытта екі газ турбиналық қондырғы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, бірыңғай энергия жүйесіне 170 МВт қуат беріп, елдің оңтүстік аймағын қосымша электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.
Бұдан бөлек, қуаты 95 МВт болатын тағы бір қондырғыны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі кезде пуско-наладтық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ мекемеде 400 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі осы елдің азаматтары.
Көне станция мен жаңа орталықтың айырмашылықтарына тоқталар болсақ, қазіргі станция толықтай компьютерлендірілген жүйе арқылы жұмыс істейді, яғни барлық процесті бір компьютердің көмегімен басқаруға болады. Жоба аясында АҚШ, Италия, Чехия және Түркияның озық цифрлық және автоматтандырылған технологиялары енгізіліп, өндірістік процестер толық цифрлық бақылауға алынған, – дейді «AKSA Energy» компаниясы директорының көмекшісі Камал Мададов.
Кейінгі жылдары аймақта электр желілерін жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы құны 24 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын 71 жоба іске асырылып, желілердің тозу деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл халықты сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. Қуаты 1100 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысының жобалау жұмыстары басталып, оған қажетті жер телімі бөлінген. Сонымен қатар, жоғары вольтты электр беру желілері мен магистральды газ құбырларын салу жоспарлануда. Бұл жобалардың барлығы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтары сөзсіз.

Энергетика саласындағы осындай ірі жобалармен қатар, өңірде агроөнеркәсіптік кешен де қарқынды дамып келеді. Оның айқын мысалы – «Абзал и К» компаниясының жаңа күріш өңдеу зауыты.
Бұл жоба цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізудің нақты нәтижесін көрсетеді. Мемлекет басшысының экономиканы жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, кәсіпорын толық автоматтандырылған өндіріс жүйесіне көшкен. Соның арқасында өндіріс тиімділігі артып, өнім сапасы жаңа деңгейге көтерілді.

Компания өткен жылы Қытайға жасалған іссапар барысында шетелдік серіктестермен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде құны 1 миллиард теңгені құрайтын жаңа зауытты іске қосты. Тынысы ашылған жаңа өндірістік кәсіпорынның қуаты 2,5 есе артқан. Бұрынғыға қарағанда күріш өңдеу кезінде пайда болатын қалдық көлемі едәуір азайып, небәрі 3-4% деңгейіне дейін төмендеді.
Зауыттың тағы бір артықшылығы – оның толық цифрлық басқару жүйесімен жабдықталуы. Өндірістің барлық кезеңі автоматтандырылған, бұл адам факторынан туындайтын қателіктерді барынша азайтады. Сағатына 12 тонна күріш өңдеу мүмкіндігі кәсіпорынның жоғары өнімділігін дәлелдейді.

Сонымен қатар кәсіпорын энергияны үнемдеу мен экологиялық тұрақтылыққа ерекше мән береді. Зауыт күн электр станциясы арқылы энергиямен қамтамасыз етіледі. Бұл «Green Rice Complex» жобасының аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды бастама.
Күріш сапасын анықтау да жаңа деңгейге көтерілген. Заманауи зертхана небәрі 60 секунд ішінде өнімнің сапасын толық сараптап, ақаулы немесе сынған дәндерді дәл анықтайды. Мұндай технологиялар экспортқа бағытталған өнімдердің сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады.

Жалпы алғанда, «Абзал и К» компаниясының жаңа жобасы өңдеу өнеркәсібіндегі цифрландырудың тиімділігін көрсететін үлгі ретінде бағалануда. Бұл тек бір кәсіпорынның жетістігі емес, тұтас саланың дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Қызылорда өңірінде іске асырылып жатқан бұл екі жоба – энергетика мен агроөнеркәсіп саласының жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі. Бірі аймақты жарық пен жылумен қамтамасыз етсе, екіншісі ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, өңір экономикасы әртараптанып, тұрақты даму жолына түсуде.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!