Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі
Жалағашта өңірді дамыту, егін мен мал шаруашылығын ілгерілету және ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов баяндап берді.
Ауданның аграрлық секторында оң динамика сақталып, заманауи тәсілдер кеңінен енгізілуде. Бұл жылы 41 864 гектар алқапқа дақылдар орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 16 618 гектарды құрады. Аудандағы 359 шаруашылықтың басым бөлігі дәл осы өсімдік шаруашылығына бағытталған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 147 млн теңгеге жаңа техникалар сатып алынған. Ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында 15 мың гектар егістік алқабы лазерлік тегістеуден өтті. Төлеусіз немесе мақсатсыз жатқан 8 753 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал қайта айналымға енгізу үшін 3 429 гектар жер жеке және заңды тұлғаларға берілді. Төрт түлік (ірі қара, қой-ешкі, жылқы, түйе) пен құс басында да тұрақты өсім байқалады. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жол, су және электр жүйелерін дамыту жұмыстары белсенді жүруде. Бөлінген қаржы есебінен 3 елді мекендегі 8 көше жөнделіп жатыр. Жобалар аяқталған соң сапалы ауданішілік жолдардың үлесі 88%-ға жетеді. Сондай-ақ демеушілер қолдауымен 2 шақырым жолға тас төселді. Аудан тұрғындары толықтай орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Қазіргі уақытта Есет батыр ауылында су жүйесін қайта жаңғырту жобасы жалғасуда. Электр желілерін жаңарту бойынша біршама жобалардың құжаттары дайындалып, қаржыландыру мәселелері шешілуде.
– Ауыл шаруашылығы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту аудан экономикасының тұрақты өсуінің басты негізі. Біз тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған барлық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырудамыз, – деп атап өтті Ардақ Ибраимов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!