«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Шиелі ауданындағы «Ы. Жақаев» саябағында жастардың қатысуымен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Акция барысында саябақ аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, айнала ретке келтірілді. Жастар қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін іс жүзінде көрсетіп, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстары басталар алдында Шиелі ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Ержан Әбдешов сөз сөйлеп, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол жастарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалықты сақтауға және «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді атсалысуға шақырды.
Акция соңында қатысушылар тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салты болуы тиіс екенін атап өтіп, ауданның тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.
Таза табиғат – ұлттың ортақ байлығы. Тазалық әрқайсымыздан басталады!






Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!