Қазақстанда автонесие рәсімдеу талаптары жеңілдетілуі мүмкін. Алайда Ұлттық банк мұндай өзгерістің азаматтарды шамадан тыс қарызға батыру қаупі бар екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
21 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлікті несиеге сатып алуды жеңілдету ұсынылғанын мәлімдеген еді. Бұл үшін автонесие беру кезінде қарыздық жүктеме коэффициентін (ҚЖК) есептемеу және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту ұсынылды.
Қарыздық жүктеме коэффициенті (ҚЖК) – азаматтың барлық несиесі бойынша төлем жүктемесін көрсететін көрсеткіш. Яғни тұтынушылық несие, ипотека, автонесие және басқа да қарыздар бірге есептеліп, адамның төлем қабілеті бағаланады.
Автонесие қарқынды өсіп жатыр
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі үш жылда автонесиелеу нарығы өте жоғары қарқынмен дамып келеді.
«Автонесие портфелі шамамен 60% өсті. Ал тұтынушылық несиелердің өсімі шамамен 30%. Сонымен қатар проблемалық несиелердің үлесі де артып келеді. Қазір автонесиелердің 5,7%-ы үшінші санаттағы тәуекелді қарыздарға жатады, кейбірін банктер есептен шығара бастады», – деді ол.
Ең үлкен қауіп қандай?
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, азамат табыс мүмкіндігін ескермей көлік алса, кейін қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін.
Мысалы, адам 10 миллион теңгеге көлік сатып алып, бір жыл несие төлегеннен кейін жұмысынан айырылып немесе басқа себеппен төлем жасай алмай қалды делік. Мұндай жағдайда банк көлікті нарықтағы қалдық құнымен, мысалы 5–7 миллион теңгеге алып қояды. Бірақ азаматтың банк алдындағы 3–5 миллион теңге көлеміндегі қарызы сақталып қалады және оны әрі қарай өтеуге міндетті болады.
Осы себепті Ұлттық банк азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу үшін ҚЖК сияқты реттеу тетіктері қажет екенін атап өтті.
Жеңілдік уақытша ғана
Сүлейменовтің сөзінше, ҚЖК бойынша жеңілдік отандық автөнеркәсіпті қолдау мақсатында уақытша енгізілген.
Қазіргі жоспар бойынша бұл жеңілдік 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады. Алайда соңғы шешім банктердің жұмысына, автонесие сапасына және нарықтағы жағдайға байланысты қабылданады.
Егер несиелердің сапасы жақсарып, өсім тұрақталса, Ұлттық банк бұл факторларды ескеретінін айтты.
Қазір қандай тәртіп қолданылады?
Қазір Қазақстанда уақытша жеңілдік күшінде. 2026 жылдың соңына дейін банктер жаңа автокөлікке, сондай-ақ белгілі бір талаптарға сай келетін қолданыста болған көліктерге несие берген кезде қарыздық жүктеме коэффициентін есептемейді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мұндай өзгеріс автонесиені халыққа қолжетімді етіп, отандық автокөлік өндірісін қолдайды деп есептейді.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазіргі жеңілдік ұзартылмаса, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап автонесие беру кезінде қарыздық жүктеме коэффициенті қайтадан міндетті түрде есептелетінін мәлімдеген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
