Құрылыстың да талабы бар. Тәртіпке бас имегендердің қалтасына салмақ түсіп, айыппұл арқалайды. Жыл басынан бері Қызылорда қаласында талап сақтамағандар 24,4 млн теңгеден астам айыппұл төледі. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев айтты.
– Құрылыс саласындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері меншік иелерінің 1 045 қабылдау актісі есепке алынып, жалпы ауданы 158 мың шаршы метрден асатын 514 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге әлеуметтік, коммерциялық және инженерлік инфрақұрылымға қатысты 323 нысанның қабылдау актілері қаралып, олардың 237-сі есепке алынды.
Қаланың сәулеттік тәртібін сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Құрылыс нысандарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 99 нысан бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына құжаттар жолданып, заң талаптарын бұзған тұлғаларға 24,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғандарға қатысты биылғы наурыз айынан бері 107 әкімшілік хаттама рәсімделіп, оның ішінде 46 жағдайда айыппұл салынды, – дейді Дінмұхамбет Сырлыбаев.
Қала келбетін жаңғырту бағытындағы бастамалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл сауда нысандарының орналасуы, аллеялар мен скверлердегі шағын сәулеттік формаларды орналастыру, Әбілхайыр хан көшесін абаттандыру, Н.Назарбаев даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жарықтандыру жүйесін жаңарту сияқты бірнеше эскиздік жоба әзірленді. Сондай-ақ жаңа аллеялар салу, балалар және спорт алаңын көбейту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жаяу жүргіншілерге қолайлы кеңістіктер қалыптастыру көзделген.
Қаладағы көше атаулары мен тұрғын үйлердің нөмірленуін жүйелеу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Қайталанатын әрі талапқа сәйкес келмейтін көше атаулары қайта қаралып, жаңа карта-схемалар әзірленді. Тұрғын үйлердің нөмірлері бірыңғай тәртіпке келтіріліп, көше атауы мен үй нөмірі тақтайшалары белгіленген стандарттарға сәйкес жаңартылуда. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары үшін ғана емес, жедел қызметтердің жұмысына да қолайлы жағдай қалыптастырмақ.
Алдағы уақытта Қызылорданың дамуына негіз болатын маңызды құжаттардың бірі – қаланың жаңа Бас жоспары. Бүгінде бұл жоба кезең-кезеңімен әзірленіп, оның алғашқы кезеңі толық аяқталды. Жоба аясында қаланың аумағы кеңейтіліп, бірқатар саяжай массивтерін елді мекендер санатына енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Су қорғау аймақтары нақтыланып, санитарлық қорғау аймақтарының жобалары әзірленді, топографиялық түсірілімдер жүргізілді. Қоғамдық талқылаулар мен экологиялық бағалау рәсімдері аяқталып, бас жоспарды тамыз айында мемлекеттік сараптамаға ұсыну, ал жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.
Сонымен бірге Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылдық округі және Досан ауылының жеке бас жоспарларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, мемлекеттік сараптама талаптарына сәйкес экологиялық қорытындылар алу бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.
Қаланы урбанистикалық тұрғыдан дамыту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осы мақсатта Қызылорда үшін ландшафттық шеберлік-жоспар, бірыңғай сәулеттік стандарттар, көгалдандыру сапасының талаптары, жарықтандырудың шеберлік-жоспары мен қалалық брендбук әзірлеуге облыстық бюджеттен 550 миллион теңге бөлу жөнінде бюджеттік сұраным жолданды. Бұл бастамалар Қызылорданың өзіндік сәулеттік ерекшелігін айқындап, заманауи әрі үйлесімді қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Фариза ТУРЕХАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!