Фото: Business Insider

АҚШ-та сайланған мемлекет басшысы Дональд Трамптың президенттік мерзімін саяхатта өткізгісі келетіндерге арналған төрт жылдық әлем бойынша круиз басталып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Business Insider порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Business Insider мәліметінше, «Skip Forward» (қазақша «Алға жылжы») деп аталатын круиз 140 елді аралап, барлық континентте саяхат жасауды жоспарлап отыр. Круиз көпке белгілі Villa Vie Odyssey лайнерінде өтеді.

Қатысушыларға әртүрлі пакет ұсынылады, соның ішінде «Аралық сайлаулар» пакеті. Онда саяхаттаушылар 2026 жылдың күзінде Конгресс сайлауынан кейін АҚШ-қа оралады. Бұдан бөлек олардың бір немесе үш жылға билет алу мүмкіндігі бар.

Бір адамға арналған «барлық қызметтер қамтылған» каюта құны – 255,9 мың доллардан, екі адамға арналған бөлме – 319 мың доллардан басталады. Жолаушыларға арналған фитнес-залдар, спа-процедуралар және түскі және кешкі ас кезінде алкогольдік ішімдіктер ұсынылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!