Сәулет тарихында адамзатты таңғалдыруы тиіс болғанымен, түрлі себеппен аяқталмай қалған жобалар өте көп. Кейбірі экономикалық дағдарыстан, енді бірі саяси өзгерістер мен инженерлік қиындықтардың кесірінен тоқтап қалды. Жылдар бойы қаңырап бос тұрған алып нысандар уақыт өте келе «орындалмай қалған армандардың» символына айналды. Дегенмен арада ондаған жыл өтсе де, кейбір жобалар қайта жанданып, жаңа форматта өмірін жалғастырған. Бүгін әлемдегі ерекше әрі ұзаққа созылған құрылыстар жайлы сөз қозғаймыз.

Чикаго шпилі: аспанмен таласқан алып ғимарат

«Чикаго шпилі» жобасы бір кездері сәулет әлеміндегі ең үлкен сенсациялардың бірі болуы тиіс еді. Биіктігі 600 метрден асатын 150 қабатты алып мұнара тек Батыс жарты шардағы ең биік ғимарат қана емес, Чикагоның жаңа символына айналуы керек болатын. Жобаның авторы – футуристік стилімен әлемге танылған испан сәулетшісі Сантьяго Калатрава.

Құрылыс 2007 жылы басталып, алғашқы кезеңде нысанның терең іргетасы дайындалды. Ғимарат желге төзімді болуы үшін жер астына ондаған метрлік алып шұңқыр қазылған еді. Алайда арада бір жыл өткенде әлемдік қаржы дағдарысы басталып, инвесторлар жобадан бас тартты. Кейін жағдай сот дауына ұласып, сәулетші төленбеген қаламақы үшін шағым түсірді. Ал құрылыс алаңы ұзақ уақыт бойы қаңырап бос жатты. Жергілікті тұрғындар оны әзілдеп «Американың ең қымбат бассейні» деп атайтын болған.

Бастапқыда элиталық тұрғын үй ретінде жоспарланған мұнарадағы пәтерлердің бағасы бірнеше миллион долларға жеткен. Сұраныс жоғары болғанымен, ол жобаны қаржылық күйреуден құтқара алмады. Кейін аумақты басқа компания сатып алып, рекорд орнататын мұнара идеясынан бас тартты. Қазір бұл жерде қарапайым екі тұрғын үй кешені салынып жатыр.

Орындалмаған арман: аяқталмаған ғимараттар

Рюгён қонақ үйі: Солтүстік Кореяның аяқталмаған символы

Рюгён қонақ үйі бүгінде Пхеньянның ең танымал нысандарының біріне айналған. Сонымен қатар ол орындалмай қалған үміттердің де белгісі іспетті. Қонақ үй құрылысы 1987 жылы басталған. Биіктігі 330 метр болатын үшқырлы пирамида тәрізді ғимарат Солтүстік Корея экономикасының қуатын көрсетуі тиіс еді. Жоба бойынша мұнда үш мыңнан астам бөлме, айналмалы мейрамханалар және сол кезең үшін заманауи инфрақұрылым қарастырылған.

1992 жылы ғимараттың бетон қаңқасы толық аяқталғанымен, құрылыс сол күйі тоқтап қалды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қаржылық әрі техникалық қолдаудан айырылған алып нысан жиырма жылға жуық бос тұрды. Терезесіз, әрлеусіз қалған мұнараны көпшілік «әлемдегі ең биік қаңырап қалған ғимарат» деп атады. Тек 2008 жылы құрылыс қайта жанданды. Ғимараттың сырты әйнекпен қапталып, 2011 жылға қарай мұнара сырт көзге толық аяқталған нысанға ұқсай бастады. Кейін жоғарғы қабаттарына жарық диодты экрандар орнатылып, түрлі бейнеролик көрсетілетін болды. Соған қарамастан, ғимараттың ішкі бөлігі әлі күнге дейін толық аяқталмаған. Сарапшылардың пікірінше, инженерлік жүйелер мен ішкі жоспарлау ескіріп кеткен.

Орындалмаған арман: аяқталмаған ғимараттар

Конфинансас орталығы: қараусыз қалған қалашық

Венесуэланың Каракас қаласындағы Конфинансас қаржы орталығы бастапқыда елдің экономикалық өрлеуінің символы ретінде салынған. Жоба аясында банктер, кеңселер, бірнеше ғимарат пен тіпті тікұшақ алаңы болуы тиіс еді. Алайда негізгі инвестордың қазасы мен 1994 жылғы банктік дағдарыстан кейін құрылыс тоқтап қалды. Нәтижесінде лифтсіз, қасбетсіз, инженерлік жүйесіз бетон қаңқа ғана қалды.

Біраз уақыт өткен соң бос тұрған ғимаратқа сквоттерлер қоныстана бастады. Уақыт өте келе мұнда өзіндік қалашық қалыптасты. Тұрғындар электр желісін тартып, дүкендер, шеберханалар, спорт залдарын ашқан. Төменгі қабаттар автотұраққа айналса, жоғарғы қабаттарға адамдар аяқпен немесе мотоциклмен көтерілген.

2014 жылы билік тұрғындарды біртіндеп көшіру жұмыстарын бастады. Ғимаратты қайта жөндеп, шетелдік инвесторларға ұсыну жоспары болғанымен, елдегі экономикалық жағдай оған мүмкіндік бермеді. Ал 2018 жылғы жер сілкінісі нысанға қосымша зақым келтіріп, оның болашағын одан әрі бұлыңғыр етті.

Орындалмаған арман: аяқталмаған ғимараттар

Dubai Creek Harbour мұнарасы: рекордтан бас тартқан жоба

Dubai Creek Harbour Tower жобасы Дубайдың көркіне көрік қосатын ғимарат болуы тиіс еді. Бастапқы жоспар бойынша мұнараның биіктігі шамамен 1300 метрге жетіп, әлемдегі ең биік құрылыс болуы керек-тін. Классикалық зәулім ғимараттан ерекшелігі – мұнара тірек арқандар арқылы ұсталып тұратын ерекше пішінде жобаланған.

Құрылыс 2016 жылы басталып, екі жылдан кейін алып іргетас дайын болды. Нысанды «Expo – 2020» көрмесіне дейін аяқтау жоспарланған. Алайда жоба бірнеше рет қайта қаралып, пандемия салдарынан жұмыс баяулады. Бүгінде құрылыс қайта жанданып келеді. Бірақ мердігерлер бастапқы рекордтық биіктік идеясынан бас тартқан. Енді мұнда кеңсе және тұрғын үй қабаттары, биіктегі бақтар мен панорамалық алаңдар салу жоспарланып отыр.

Жұмысы ұзаққа созылған нысандар адамзаттың шексіз қиялы мен амбициясын көрсеткенімен, кез келген ауқымды идеяның тағдыры экономикаға, саясатқа және уақытқа тәуелді екенін дәлелдегендей. Кейбір жобалар тарих бетінде тек сызба күйінде қалса, енді бірі ондаған жылдан кейін жаңа сипатта қайта келіп жатыр.

Аружан Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!