KAZINFORM — Хантавирус індеті тараған MV Hondius круиздік кемесі дүйсенбі күні сапарын аяқтағаннан кейін дезинфекциялау үшін Голландияның Роттердам портына тоқтады, деп хабарлайды Синьхуа.
Кеменің экипаж мүшелері дереу карантинге жатқызылды. Өз еліне қайта алмайтындар Нидерландыда карантиннен өтеді. Бұл туралы өткен аптада елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлаған болатын.
Oceanwide Expeditions компаниясының мәліметі бойынша MV Hondius кемесінде қазіргі уақытта 27 адам бар, оның ішінде 25-і экипаж мүшесі және екеуі медицина қызметкері. Олардың құрамында 17 филиппиндік, 4 голландиялық, 4 украиналық, бір ресейлік және тағы бір поляк бар. Көпшілігі Роттердамда 6 апталық карантиннен өтеді.
Еске сала кетейік, круиздік лайнерде тіркелген хантавирус жаңа вакцинаны жасауды жеделдетті.
Соңғы күндері әлем назарын аса қауіпті хантавирус аударды. Сирек кездесетін жаппай жұқтыру деректері мен вирустың адамнан адамға таралуы мүмкін деген күдік алаңды күшейтті. Хантавирус қайдан пайда болды, оның пандемияға айналу қаупі бар ма және ол Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Мәселенің мән-жайын мына сілтемеден оқи аласыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
